Ақмола облысында су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтуде

Жаңалықтар
view 119
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Көктемнің келуімен Ақмола облысында су тасқынының алдын алу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Биылғы жылы өңірде жүргізілген ауқымды жұмыстардың арқасында тұрғындарды табиғаттың тосын мінезінен қорғауға мүмкіндік туды. Өңірдегі 175 елді мекенде су тасқыны қаупін азайту мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды  janabastau.kz.
Атап айтар болсақ. 100 ден астам  су бұру арналары жасалып,  35 км-ден астам су тасқыны қаупі бар учаскелерде жаға бекіту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, бөгеттер  нығайтылып, жаңа топырақ үйінділері тұрғызылды.

Сонымен қатар, Қылшақты, Жабай, Есіл және Нұра өзендеріне тазарту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Бұл өз кезегінде 94 елді мекеннің су астында қалу қаупін айтарлықтай төмендеткен. 
Су тасқынының алдын алу шараларына «Демеу Қазақстан қоры» да өз үлесін қосты. Қордың қолдауымен Чапаевская-1, Дамсинск және Жібек жолы ауылындағы бөгеттер жөнделіп, жаңартылды. Сондай-ақ, Сандықтау ауданындағы Жабай өзені, Зеренді ауданындағы Шағалалы және Астрахан ауданындағы Колутон өзендерінің түбі тазартылып, жағалары нығайтылды.

Су тасқыны кезеңіндегі ең өзекті мәселе – еріген қар суының деңгейін бақылау. Биылғы жылы 3 млн текше метрден астам қар шығарылып, 500 мың текше метрден астам су сорылды.Тұрғын үйлерді қорғау мақсатында 60 мыңнан астам құм салынған қаптар төселді.

Бүгінде өңірде қар жамылғысының біртіндеп еруі байқалуда. Дегенмен, сай-сала мен орманды аймақтарда қар әлі де сақталған. Өзендегі су деңгейіне тәулік бойы бақылау жүргізіліп, қауіпті аймақтар ерекше назарға алынған. Мұз кептелістері анықталған жағдайда жару жұмыстары қолға алынбақ. 
Жергілікті билік органдары жағдайды толық бақылауда ұстап отыр. Жүйелі шаралар мен уақытылы қабылданған шешімдер биылғы көктемде Ақмола облысының тұрғындары үшін тасқын қауіпін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *