Ақмола облысында жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталды
Фото: Ресми дереккөзден
Бурабай ауданындағы Райгородок кен орнында Zijin RG Gold компаниясының жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысына орай естелік капсула салынды. Капсулаға болашақ ұрпаққа арналған жолдау салынып, оны 2076 жылы ашу жоспарланып отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жаңа фабриканың қуаты жылына 10 млн тонна кенді құрайды. Жоба іске асқаннан кейін кешеннің жалпы өңдеу қуаты жылына 16 млн тоннаға жетіп, алтын өндіру көлемі 12 тоннадан асады.
Жоба аясында өндірістік және көлік инфрақұрылымы дамып, заманауи автоматтандыру жүйелері енгізіледі. Өндірістің кеңеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бизнес пен мамандар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Бүгінде Zijin RG Gold компаниясында 1,8 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 51%-ы – Ақмола облысының тұрғындары.
Райгородоктағы жаңа жоба – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған маңызды қадам.
Пікірлер (0)