Шортандыда «Таза мекен – таза сана» экологиялық акциясы өтті
Фотт: Ресми дереккөзден
Ақмола облысының Шортанды ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза мекен – таза сана» жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға 200-ден астам адам қатысып, елді мекеннің тазалығы мен абаттандырылуына өз үлестерін қосты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Акцияның негізгі мақсаты - тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ туған өлкені абаттандыруға және оның тазалығын сақтауға қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
4 қыркүйек күні Шортанды кентінің орталық саябағында өткен акцияның ашылуына Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров қатысты. Іс-шара барысында «Жасыл ел» еңбек жасағының белсенді қатысушылары марапатталды.
Экологиялық акцияға аудан тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам өкілдері, жастар, еріктілер, мектеп мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушылары атсалысты.
Акцияның ашылуынан кейін қатысушылар орталық саябақтың аумағын және оған іргелес учаскелерді тазалап, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сондай-ақ қоғамдық орындар ретке келтірілді.
Сол күні сағат 12:00-де Шортанды кентіндегі №2 мектепте экологиялық мәдениет пен жеке жауапкершілік мәселелеріне арналған «Тазалық - өзіңнен» атты экологиялық дәріс өтті. Жастар алдында аудан әкімінің орынбасары Шолпан Ахметова және қазақ күресінен бапкер, «Дала қырандары» бастамашыл тобының үйлестірушісі Орал Айдын Ғабитұлы сөз сөйледі.
Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматтың тазалықты сақтаудағы жеке жауапкершілігі туралы айтылды.
«Таза Қазақстан - таза мекен - таза сана!» ұраны аясында өткен акция тұрғындарды туған өлкенің тазалығын сақтауға, елді мекендерді абаттандыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Пікірлер (0)