Ақмола облысында жыл басынан бері 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
ресми дереккөз
Биылғы жылдың жеті айында Ақмола облысында 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде 9 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина баяндады.
Спикердің айтуынша, жұмыс орындарын құру жөніндегі жылдық жоспардың орындалуы бүгінде 51 пайызға жеткен. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары және жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары аясында жүзеге асырылуда.
«Негізгі бағыттардың бірі – инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Қазіргі таңда мемлекеттік тұжырымдамалар аясында 145 жоба жүзеге асырылып жатыр, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылуда. Оның жартысынан астамы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға тиесілі», – деді Шолпан Рахматуллина.
Ірі жұмыс берушілер қатарында Бурабай ауданындағы «Веденовка» агрофирмасы бар. Мұнда 22 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» кәсіпорны 29 адамды жұмыспен қамтыды.
Жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облыстың 4 мыңға жуық жас тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, өңірдегі жеті оқу орталығында 203 адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби оқытудан өтуде. Тағы 74 адам кәсіпорындарда өндірістік тәжірибе арқылы практикалық дағдыларды меңгеріп жатыр.
Субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру жалғасуда. Қоғамдық жұмыстарға мыңнан астам адам жіберілді. «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 50 жастан асқан 215 тұрғын жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарында 209 адам еңбек етуде, ал жастар практикасына 96 түлек қатысуда.
Өңірде жұмыссыз азаматтармен атаулы жұмыс та күшейтілуде. Бүгінде басым санатқа жататын 1 703 адам бар, олардың 900-ден астамы жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылуда.
«Біз мансап орталықтарының жұмысын жетілдіруді жалғастырып келеміз. Негізгі басымдық – азаматтарды жеке сүйемелдеу және цифрлық технологияларды пайдалану. Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті спикер.
Жаңа бағыттардың бірі – Қазақстанда алғаш рет Ақмола облысында іске қосылған «Кедейсіз округтер» пилоттық жобасы. Жобаның мақсаты – әлеуметтік көмек көрсетумен қатар, отбасылардың табысын арттыруға жағдай жасау. Қазіргі таңда облыстың 125 ауылдық округінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар жоқ. Ал жыл басынан бері тағы 34 ауылдық округке «Кедейсіз округ» мәртебесі берілді.
Сонымен қатар өңірде отбасыларды қолдау жүйесі де дамып келеді. Облыста жұмыс істейтін 12 Отбасын қолдау орталығы жыл басынан бері 3,8 мыңнан астам қызмет көрсетті. Кешенді көмек 3,1 мыңнан астам тұрғынға ұсынылып, оның ішінде заңгерлік және психологиялық кеңестер, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу бойынша қызметтер көрсетілді.
Пікірлер (0)