Ақмола облысындағы сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалған
Фотосурет: Ақмола облысының әкімдігі
Бүгін Сандықтау ауданында сайлау учаскелерінде қолжетімді орта қалыптастырудың нақты үлгісі көрсетілді. Ауданның әрбір сайлау учаскесінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға ерекше көңіл бөлінді. Арнайы пандустар, тактильді бағыттаушы белгілер, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың физикалық мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықталған жасырын дауыс беру кабиналары орнатылды. Мұның барлығы тұрғындарға өз таңдауын еш кедергісіз, еркін әрі қолайлы жағдайда жасауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Сайлау учаскелеріне келген мүмкіндігі шектеулі азаматтар биылғы жылы жасалған жағдайлардың бұрынғыдан да жақсарғанын атап өтуде.
Бұрын сайлау учаскесіне өзім баруға кейде күмәнданатынмын. Бүгін барлығы өте ыңғайлы ұйымдастырылған екен. Кіреберісте волонтерлер қарсы алды, дауыс беру кабинасы да қолайлы, бәрі қолжетімді. Азаматтардың жайлылығы алдын ала ойластырылғанын сезіну өте қуантады. Бұл мемлекет үшін әр азаматтың дауысы маңызды екенін көрсетеді, – деп пікір білдірді Балкашино ауылының тұрғыны.
Сандықтау ауданындағы жағдай жалпы өңірдегі ахуалды көрсетеді. Облыстың барлық аудандарында, соның ішінде Жарқайың, Ерейментау және басқа да өңірлерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалған.
Сайлау процесінің барша азаматқа тең әрі қолжетімді болуы – инклюзивті қоғам қалыптастырудың маңызды белгісі. Осындай жағдайлардың жасалуы әр азаматтың өз таңдауын еркін жасауына мүмкіндік беріп, елде жүргізіліп жатқан реформаларға деген халық сенімін нығайтады.


Пікірлер (0)