Ақмола облысындағы жұмыспен қамтуды қолдау бағдарламалары қалай жұмыс істеуде
Сурет: Ашық дереккөзден
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы 2024 жылдың қорытындысы бойынша халықты жұмыспен қамту жөніндегі жұмыстың нәтижелерін шығарды. Сандарға қарағанда, жұмыс белсенді жүргізілуде: субсидияланатын жұмыс орындары бағдарламасы 3203 адамды жұмыспен қамтуға көмектесті. Ал ісін жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді қолдауға 240 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.
Облыстағы мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары жастардан бастап зейнетке шығар алдындағы жасқа дейінгі әртүрлі азаматтар санатын қамтиды. 2024 жылы субсидияланатын жұмыс орындары 3203 адамға берілді. Олардың ішінде – қоғамдық жұмыстарға қатысушылар, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» бағдарламасының қатысушылары, сондай-ақ алғашқы жұмыс орнын және «Ұрпақ келісімшарты» бағдарламасының қатысушылар бар. Жұмыспен қамтылғандардың барлығы дерлік (98%) зейнетақы жарналарын алады, ал 100% электронды еңбек шарттарын жасасты.
Шағын және орта бизнесті қолдау да керемет нәтижелер көрсетіп отыр. Өткен жылы 168 адам өздерінің бизнес-жобаларын іске асыруға 240,8 млн теңге сомасына гранттар алды.
«Гранттар тек өз ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлерге ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал топтардың өкілдеріне де: көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қандастарға және асыраушысынан айрылған отбасыларға берілді. Жоба қатысушылары бұл ақшаға керек-жарақ, жабдықтар, мал, құс сатып алып, тіпті өз бизнесі үшін үй-жайлар жалдауда. Жобалар өте әртүрлі – шаруашылықтардан бастап шағын шеберханаларға дейін», - деп хабарлайды Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы.
Ал егер жұмыс табу ғана емес, жаңа мамандық меңгеруді қаласаңыз ше? 2024 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 456 адам жазылды, олардың 95%-ы жұмысқа орналасты. Курстар жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша өткізілді, бұл оқуды бітіргеннен кейін дереу жұмыс табу мүмкіндігін арттырады.
Жұмыс тоқтамайды. Биыл облыста 460 адамды жаңа мамандықтарға оқытуды, 334,3 млн теңге сомасына 167 грант беруді және белсенді жұмыспен қамту бағдарламаларына 2332 адамды қамтуды жоспарлап отыр. Айтпақшы, 2025 жылдың 1 ақпанына дейін түрлі бағыттарда 290 адам жұмыспен қамту бойынша көмек алған.
Пікірлер (0)