Ақмолалықтарға дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін алу тәртібі түсіндірілді

Жаңалықтар
view 72
news

Фотосурет: дереккөз

15 наурыз күні Ақмола облысында дауыс беру үшін 760 сайлау бөлімі ашылады. Барлық бөлімдер таңғы сағат 7:00-де жұмысын бастап, кешкі 20:00-де жабылады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта сайлау бөлімдері дауыс беруді өткізуге толық дайын: комиссиялардың жұмысы ұйымдастырылған, ғимараттар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар халыққа дауыс беру тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сайлаушылар үшін өзекті мәселелердің бірі – тұрақты тіркелген жерінен тыс жерде дауыс беру мүмкіндігі. Мұндай жағдайда азаматтар есептен шығару куәлігін пайдалана алады.

Көкшетау қалалық референдум комиссиясының төрайымы Мариям Калиеваның түсіндіруінше, бұл құжатты алдын ала алуға болады.

«Азамат уақытша болатын орнын ауыстырған жағдайда, 27 ақпаннан бастап 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін жеке куәлігін көрсетіп, тіркелген жеріндегі учаскелік комиссиядан дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін ала алады», – деді ол.

Дауыс беру күні азамат нақты болатын жеріндегі учаскеге есептен шығару куәлігі мен жеке куәлігін ұсынуы тиіс. Құжаттар тексерілгеннен кейін учаскелік комиссия азаматты республикалық референдумға қатысуға құқығы бар тұлғалар тізіміне енгізіп, дауыс беру бюллетенін береді.

Мариям Калиеваның айтуынша, есептен шығару куәлігі бір рет қана пайдаланылады және азамат дауыс берген учаскеде қалады. Жоғалған құжаттар қайта қалпына келтірілмейді.

Сондай-ақ бір елді мекеннің ішінде дауыс беруді жоспарлаған азаматтарға мұндай куәлік берілмейді. Өңір тұрғындарының ыңғайлылығы үшін Ақмола облысында қосымша ақпараттандыру ұйымдастырылған. Call-орталық пен Telegram-бот жұмыс істейді.

Олардың көмегімен жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы өз сайлау учаскеңіздің нөмірін білуге болады. Целиноград аудандық аумақтық комиссиясының төрайымы Әсел Айтқужинаның мәліметінше, бұл электронды сервис тек Ақмола облысының тұрғындарына қолжетімді.

«Азамат Telegram-ботқа кіріп, ЖСН арқылы өзінің сайлау учаскесінің нөмірін анықтай алады. Бұл ақпараттандыру үдерісін жеңілдетіп, дауыс беру орнын алдын ала нақтылауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Айта кетейік, барлық сайлау бөлімдерінде сайлаушыларды тіркеу және есептен шығару тәртібі бойынша түсіндірме материалдар орналастырылған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *