Аққу жүзген көл жағасын экопаркке айналдырсақ...
Фотосурет: Еркеғали Болатұлы
Қазір Астанада мемлекет басшысының ірі қалалар маңындағы аймақтарда экопарктер құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, елорда мен оған іргелес аймақтарға арнаулы парктер салу мәселесі қаралып жатыр. Соның бірі ретінде соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан Қосшы қаласы да аталды, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Елорданың көптеген тұрғыны демалыс және мереке күндері Бурабайға барады. Бұл біршама алыс әрі табиғи парк экожүйесіне салмақ түсіреді. Сондықтан Астана маңында экопарктер құру қажеттілігі туындап отыр. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, ірі мегаполистер мен облыс орталықтарының маңындағы аймақтарда экопарктер салу бойынша шаралар қабылдау қажет, – деді былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ бұл стратегиялық сипаттағы міндет болғандықтан, көп созбай, іске асыру керектігін баса айтты. Ал тапсырманың орындалуын Президент әкімшілігі бақылауда ұстайтын болды.
Бірақ біз әр мәселе бойынша ұзақ талқылау жүргізбей, жедел әрі сапалы жұмыс істеуіміз қажет. Тағы да назар аударамын, ол жерлерде тазалық болуға тиіс. Бурабайдағы жағдайға қараңыздаршы, бұл – ұят. Ол жерді ластап жатқан бөтен біреулер емес, өз халқымыз, – деді мемлекет басшысы.
Осылайша міндет жүктелді, талап күшінде. Енді тек соны қолға алу керек. Сондықтан биыл 22 қаңтарда осы тапсырмаға сәйкес, елордада арнаулы кеңес өтті. Оған Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Айта кетсек, Астананың 2035 жылға дейінгі бекітілген Бас жоспарында елорда аумағының жартысынан астамын көгалдандыру көзделген. Бұл қаланың жалпы 79,7 мың гектар аумағының 42 мың гектарын қамтиды. Оның ішінде күнделікті рекреация экопарктері үшін Астана аумағында орналасқан, 30 минут ішінде жетуге болатын, жыл бойы пайдаланылатын тартылыс нүктелерін бөлу ұсынылып отыр. Осы орайда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі туризмнің барлық түрін дамытуға лайық перспективалы аймақтарды атап өтті.
Мемлекет басшысының елорда айналасында экопарктер құру және «Бурабай» курортына түсетін рекреациялық жүктемені азайту жөніндегі тапсырмасы аясында, Астана маңында экопарктерге арналған нақты балама локациялар айқындалды. Олар Ақкөл, Аршалы және Целиноград аудандарында, сондай-ақ Қосшы қаласында орналасқан. Елорда маңындағы аумақтың табиғи ресурстарының алуан түрлілігі экологиялық, спорттық және агротуризм сияқты нишалық туризм түрлерін жыл бойы дамытуға мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.
Кеңесте айтылған елорда шегіндегі күнделікті рекреация экопарктері – «Астананың жасыл белдеуі» аумақтары. Жасыл белдеу жобасы аясында қалыптасқан орман алқаптары жоғары экологиялық тұрақтылыққа ие және қазірдің өзінде табиғатты қорғау функцияларын атқарып отыр.
Бұл аумақтарды экосоқпақтары, серуендеу маршруттары, веложолдары бар орман экопаркі ретінде пайдаланған орынды, – деді «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институты» ЖШС-нің бас директоры Руслан Жақыпов.
Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қала аумағы мен Целиноград ауданының, Майбалық көлі мен контрреттегіштің арасында орналасқан аумаққа да экопарк құру ұсынылып отыр.
Жыл сайын 1 миллион жасыл желек отырғызамыз. Ақмола облысымен бірлесіп, қала сыртында экопарктерді кеңейту және жаңаларын құру бағытында жұмыс істейтін боламыз, – деді ол.
Өз кезегінде Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский де өңірде қолданыстағы демалыс аймақтары базасында экопарктер құруға жақсы перспективалар бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, Целиноград және Аршалы аудандарында 3 жаңа экопарк құру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар президенттен бастап, елорда және Ақмола билігі баса мән беріп отырған Қосшы да облыстық маңызы бар санаттағы қала ретінде экотуризм саласы мамандарының назарынан тыс қалмауға тиіс. Қазір бұл қаланың бас жоспары бойынша, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деп болжанып отыр. Сол мәселені алға тартқан Қосшы қалалық Ардагерлер кеңесінің өкілдері редакциямызға бас сұқты. Олардың айтуынша, мұндағы әлеуеті жоғары аумақтардың бірі ретінде Республика көшесінің бойында орналасқан «Асыл түлік» АҚ-на қарама-қарсы тұрған табиғи көл қала тұрғындарының демалысы, серуені үшін қолайлы локация саналады.
Бүгінде қалада құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, мектептер мен балабақшалар салынып, әлеуметтік инфрақұрылым жүйелі түрде кеңейіп келеді. Мысалы, 2025 жылғы есеп бойынша, қалада 28 мыңға жуық тұрғын үй тіркелген. Қала аумағында 80-нен аса көше, 180-ге жуық әлеуметтік нысан халыққа қызмет көрсетіп тұр. Бірақ сол қарқынды өсіммен қатар, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – қалада тұрғындардың демалуына арналған қоғамдық кеңістіктердің жетіспеуі. Әсіресе, толыққанды саябақ жоқ. Яғни, халық демалыс күндері барып серуендейтін, балаларын ертіп, таза ауада уақыт өткізетін ауқымды орындар қажет. Көлігі бар азаматтар жақын маңдағы Бурабай немесе өзге де демалыс аймақтарына бара алады. Ал көлігі жоқ қарапайым жұрт үшін мұндай мүмкіндік әрдайым қолжетімді емес, – дейді ақсақалдардың бірі Азади Жүнісов.
Осы орайда ардагерлер аталған көл аумағы жекеменшікке өткен деген ақпараттың таралуына да алаңдаушылық білдірді. Енді кейін Қосшының тарихымен бірге жасасып келе жатқан оның орнын сипап қалмасақ жарар еді деседі.

Қазір сол аумаққа үлкен экопарк салуға мүмкіндік бар. Аталған көл – қар суынан пайда болған шалшық емес, жерасты көзі бар, жыл сайын үйрек-қаз қонып, аққу жүзіп жүрген таза су. Өздеріңіз білесіздер, аққу – борсыған, тіршілігі пәс суға қона салмайтын кербез құс. Егер өзі-ақ сұранып тұрған сол маңға тұрғын үй, басқа да кешендер емес, экопарк салу ісі қолға алынса, ол қаланың экологиялық және эстетикалық келбетін жақсартатын маңызды нысанға айналар еді, – дейді жергілікті ақсақал Оралтай Сәдуақасов.
Ардагерлердің бірі, өздері бірден-бір экопаркке айналуға тиісті деп есептейтін көлді бала кезден жақсы білетін Қосшының байырғы тұрғыны Әбілқайыр Айнабаев та әріптестерінің ұсынысына мұндай парк тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға оң әсерін тигізетінін қосты.
Олардың пікірінше, Қосшы қаласының Қоғамдық мәдени-спорт кешені, Оңдыбай ата мешіті және сол маңдағы дәмхана, мейрамхана, монша, сауда орталықтарына жиналған жұрт та, Астанадан бері тартыла бастаған LRT желісі арқылы келетін қонақтар да жасыл желегі жайқалған, ортасында табиғи көлі айнадай жарқырап жатқан жағалауда таза ауамен тыныстап, жан рахатын табары сөзсіз. Көлді экологиялық сараптамадан өткізіп, оған жыл сайын шортан, көксерке, тұқы, мөңке, аққайран сияқты балық түрлерін жіберіп тұрса да демалушылардың саны арта түспесе, еш кемімесе керек.
Пікірлер (0)