“АҚШ-тан бекер қайтып келген жоқ”: танымал заңгер Боқаевтуралы тың дерекпен бөлісті
Фото
Белгілі заңгер әрі құқық қорғаушы Айгүл Орынбек «Нұр Отанның» бұрынғы идеологы Санжар Боқаевтың белсенді ретіндегі қызметіне сенбейтінін және оның кенеттен елге оралуының астарында белгісіз күштер тұруы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңгер бұған дейін «Қасқа жол» арнасында Боқаевқа қатысты айтқан сыни көзқарасының өзгермегенін жеткізді. Оның пайымдауынша, бастапқыда Америкаға біржола көшіп, кәсібін сол жақта дамытатынын мәлімдеген Боқаевелге аяқасты қайта оралуы көптеген сұрақ тудырады. Айгүл Орынбек Боқаевтың өзінің Қазақстанға қайта келу себебін қоғамға ашық түсіндірмей, құпия қалдырғанына назар аударды. Ол мұндай қадамның артында белгілі бір тапсырма немесе ықпалды топтардың мүддесі тұруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Негізінде ол кісі Америкаға кеттім, бизнесімнің барлығын сол жаққа көшіріп жатырмын, жаңа өмір бастаймын деп кеткен еді. Енді аяқ астынан елге қайтуының себебін өзі түсіндірген жоқ, ол жағын құпия қалдырды. Елге қайтып келуі жайдан-жай емес қой. Яғни бір тапсырмамен келуі мүмкін немесе оның артында бір көлеңкелі күш тұр. Оның барлығын тергеп-тексеру анықтауы керек», – деді заңгер.
Бұл ретте, Айгүл Орынбек нағыз белсенділер мен қоғам қайраткерлері нәтижеге жұмыс істеу керектігін алға тартты. Яғни, тек шу шығара бермей, диалог орнатып, проблеманы шешудің тиімді жолдарын ұсыну қажет.
«Біз сияқты белсенділер мәселе көтергенде заңдарға өзгеріс енгізуді талап етіп, нақты ұсыныс береміз. Ал ол кісінің тарапынан нақты ұсынысболмайды. Мәселені көтергеннен кейін, оның шешімін де ұсыну керек қой. Сол себепті мен ол кісінің белсенділік жұмысына күдікпен қараймын», – деп түйіндеді заңгер.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын Айгүл Орынбектің «Қасқа жол» жобасына берген сұхбаты әлеуметтік желіде талқыланған болатын. Жарық көрген бейнематериалда белгілі заңгер Санжар Боқаевқа не себепті сенбейтінін ашып түсіндіріп берген еді.
Атап айтқанда, ол Боқаевтың мемлекеттік қызметтегі кезеңіне қатысты пікір білдіріп, оны ішкі саясатта жұмыс істеген шағында белсенділерменкүрескен тұлғалардың бірі ретінде сипаттады.
Оның сөзінше, Боқаев Алматыда ақжаулықты аналар мен әжелерге қарсы күш қолданып, оларды көтеріп алып кету туралы жеке өзі тапсырма беріп отырған. Заңгер мұны растайтын БАҚ пен әлеуметтік желілерде фото мен бейне материалдар да жетіп артылатынын жеткізді. Сол сұхбат соңында Айгүл Орынбек Боқаевтың қазіргі қоғамдық қызметі мен бұрынғы әрекеттерінің арасында айтарлықтай алшақтықтың бар екенін де жасырмады.
Пікірлер (0)