Ақтаудағы ұшақ апаты: қара жәшіктерді Бразилиядағы орталыққа жібереді
Сурет: Ашық дереккөзден
Ақтаудағы әуе апатын тергеу жөніндегі комиссия апат болған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилиядағы орталыққа жіберу туралы шешім қабылданды.
Көлік министрлігінің мәлімдемесінде, Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес тергеу жүргізетін мемлекет борттық өздігінен жазғыш деректерін оқуды қамтамасыз етеді және оларды қай елде таратып жазу туралы шешім қабылдайтынын хабарлаған.
Қазақстан бұл конвенцияны 1992 жылы ратификациялады. Сонымен қатар, біздің ел – Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) мүшесі.
– Жоғарыда аталған құжаттың негізінде, сондай-ақ ИКАО ұсынымдарын ескере отырып, Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесті. Нәтижесінде Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады, – делінген мәліметте.
Ведомство CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылғанын, тиісті құралдармен жабдықталғанын және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар екені айтылды. Мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.
Пікірлер (0)