Ақтөбе мектептерінде экологиялық мәдениет сабағы өтіп жатыр
Фото
Ақтөбе қаласының жалпы білім беретін мектептерінде қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тағылымды сабақтар ұйымдастырылып жатыр. Іс-шаралар «ЭкоQoldau» бағдарламасы аясында «Жасыл даму» АҚ және «Таза Қазақстан» жобасымен бірлесіп өткізілуде.
Экологиялық сабақтардың негізгі мақсаты – оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудың маңызын түсіндіру, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау және қайта өңдеуге жарамды шикізатты бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру.
Сабақта оқушыларға қалдықтарды түрлеріне қарай ажырату, қағаз, картон, пластик және басқа да қайта өңдеуге болатын материалдарды бөлек жинаудың маңызы түсіндіріледі. Сонымен қатар қалдықтарды дұрыс сұрыптау арқылы табиғи ресурстарды үнемдеуге, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға және тазалықты сақтауға болатыны жөнінде ақпарат беріледі.
Экологиялық бастамаға мектеп оқушылары мен ұстаздары белсенді атсалысып, қайта өңдеуге жарамды екінші реттік шикізаттарды жинап жүр. Бұл ретте білім алушылар теориялық біліммен ғана шектелмей, экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмірде қолданудың нақты жолдарын меңгеруде.
Жоба аясында мектептер арасында арнайы экологиялық сайыс та ұйымдастырылған. Байқауда оқушылар жиналған қағаз, картон, пластик және басқа да қайта өңдеуге жарамды шикізаттарды арнайы орындарға тапсырады. Нәтижесінде ең көп екінші реттік шикізат жинап, қайта өңдеуге өткізген мектептер үздік нәтиже көрсетеді.
Мұндай бастамалар жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Сонымен қатар мектеп қабырғасынан бастап қалдықтарды сұрыптау, қайта пайдалану және қайта өңдеуге жіберу дағдыларын қалыптастыру – экологиялық мәдениетті дамытудың маңызды қадамы.
Таза қоршаған орта – әр адамның ортақ жауапкершілігі. Осындай экологиялық сабақтар мен практикалық іс-шаралар арқылы оқушыларды табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу жұмыстары жалғаса береді.
Пікірлер (0)