Экосағат – таза болашаққа бастар қадам
Фотосурет
Қостанай қаласының мектептерінде өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған экосағаттар өткізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Экологиялық сағаттар барысында оқушыларға табиғатты қорғаудың маңызы, қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың қарапайым жолдары және күнделікті өмірде экологиялық әдеттерді қалыптастыру туралы кеңінен түсіндіріледі. Әсіресе тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау, қоқысты дұрыс сұрыптау, қайта өңдеуге жарамды шикізатты ажырату және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Сабақта оқушылар қалдықтардың түрлерін ажыратуды үйреніп қана қоймай, қоқыс көлемін азайтудың, қайта пайдалану мен қайта өңдеудің қоршаған орта үшін маңызын түсінеді. Сонымен қатар әр адамның табиғатты қорғауға өзіндік үлес қоса алатыны жөнінде нақты мысалдар келтіріліп, экологиялық жауапкершілік туралы ой қалыптастырылады.
Іс-шаралар президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Жасыл Даму» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырылуда.
Экосағаттар оқушылардың белсенді қатысуымен пікір алмасу, түсіндіру жұмыстары және тәжірибелік тапсырмалар арқылы өткізіліп, балалардың экологиялық білімін күнделікті өмірмен байланыстыруына мүмкіндік береді. Мұндай сабақтар жас ұрпаққа табиғатқа жанашырлықпен қараудың тек арнайы акциялар кезінде ғана емес, күнделікті әдетке айналуы керектігін түсіндіреді.
Қостанай қаласының мектептерінде экосағаттардың тұрақты түрде өткізілуі – табиғатты бағалайтын, тазалықты сақтайтын және қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін сезінетін саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды жұмыс.
Пікірлер (0)