Экологиялық бастама Павлодар мектептерінде де жалғасты
Фотосурет
Павлодар қаласының білім беру ұйымдарында қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр.
Экологиялық іс-шаралар «ЭкоQoldau» бағдарламасы аясында «Жасыл даму» АҚ және «Таза Қазақстан» жобасының қолдауымен ұйымдастырылуда.
Іс-шаралар барысында оқушылар мен ұстаздарға тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың, оларды түріне қарай дұрыс сұрыптаудың және қайта өңдеуге жарамды шикізатты арнайы жинау орындарына тапсырудың маңызы түсіндіріледі.
Экологиялық сабақтар мен практикалық жұмыстар кезінде оқушылар қағаз, картон, пластик және басқа да қайта өңдеуге болатын қалдықтарды жинап, арнайы орындарға тапсыруға белсенді қатысып жүр. Бұл арқылы балалар қалдықтарды дұрыс басқару мәдениетін меңгеріп, табиғи ресурстарды үнемдеу мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызын тәжірибе жүзінде түсінуде.
Сонымен қатар Павлодар қаласының мектептері арасында екінші реттік шикізатты жинауға бағытталған экологиялық жарыс ұйымдастырылып отыр. Байқау оқушылардың қызығушылығын арттырып, әр мектептің экологиялық бастамаға белсенді атсалысуына мүмкіндік берді.
Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – балаларға табиғатты қорғау үлкен істерден ғана емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатынын ұғындыру. Қалдықтарды сұрыптау, қағаз бен пластикті бөлек жинау, тазалықты сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әр адамның табиғатқа қосатын үлесі.
Экологиялық бастамалар арқылы оқушылардың табиғатқа деген жанашырлығы артып, жауапкершілік пен ұқыптылық сияқты маңызды құндылықтар қалыптасып келеді.
Пікірлер (0)