Петропавл оқушылары қалдықты бөлек жинауды меңгерген
фотосурет
Петропавл қаласының мектептерінде өскелең ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жалғасын тапты.
Экологиялық сабақтар мен танымдық кездесулер «ЭкоQoldau» бағдарламасы аясында «Жасыл даму» АҚ мен «Таза Қазақстан» жобасының бірлескен қолдауымен ұйымдастырылып жатыр. Балаларға күнделікті өмірде пайда болатын қалдықтарды түріне қарай ажыратып, оларды арнайы контейнерлерге бөлек жинаудың қоршаған ортаға тигізетін пайдасы туралы ақпарат беріледі.
Сабақтар барысында оқушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, экологиялық бастамаға іс жүзінде қатысып, өз үлестерін қосып отыр. Мектеп оқушылары мен ұстаздары қағаз, картон, пластик және қайта өңдеуге болатын басқа да материалдарды жинап, сұрыптап, белгіленген тәртіппен қайта өңдеуге тапсыруға атсалысуда.
Бағдарлама аясында Петропавл қаласының мектептері арасында өзіндік экологиялық жарыс ұйымдастырылып, оқушылардың белсенділігіне ерекше мән берілді. Қатысушылар мүмкіндігінше көп екінші реттік шикізат жинап, оны қайта өңдеуге тапсыру арқылы өз мектептерінің нәтижесін арттыруға үлес қосып отыр.
Мұндай жарыстар балалардың экологиялық мәселелерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оларды бірлесіп жұмыс істеуге, жауапкершілік танытуға және табиғатты қорғауға бағытталған нақты әрекеттер жасауға ынталандырады.
Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру – болашақта экологиялық тұрғыдан сауатты әрі жауапты қоғам құрудың маңызды қадамдарының бірі. Әрбір оқушы қағазды, пластикті немесе басқа да қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды бөлек жинау арқылы табиғи ресурстарды сақтауға және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға өз үлесін қоса алады.
Осындай экологиялық сабақтар арқылы жас ұрпақ санасына табиғатты аялау, тазалықты сақтау және туған қаланың экологиялық жағдайына бейжай қарамау құндылықтары сіңіріліп жатыр.
Таза қала – ортақ жауапкершілік. Ал табиғатты қорғау әрқайсымыздың күнделікті қарапайым әрекетімізден басталады.
Тазалықты бірге сақтайық!
Пікірлер (0)