Ақтөбеде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті

Жаңалықтар
view 29
news

Сурет: gov.kz

Ақтөбеде табиғатты қорғау және жастардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында кезекті маңызды шара ұйымдастырылды. «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағы мен Ақтөбе орман шаруашылығының бірлесіп, Ақтөбе су қоймасында
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» атты экологиялық акциясын өткізді, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі. 

Аталған шараға «Jasyl El» жастар еңбек жасақтарының эко-гвардия отрядының 30 белсенді сарбазы қатысты. Қатысушылар өз бастамаларымен табиғатқа жанашырлық танытып, Ақтөбе су қоймасының маңайын тұрмыстық қалдықтар мен пластик, қағаз және өзге де қоқыстардан тазартты.

Экологиялық акция барысында ондаған қап қоқыс жиналып, арнайы техникамен шығарылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар табиғи аумақтарды сақтауға ғана емес, жастардың экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға да сеп болады.

— Бұл акция — тек сенбілік емес. Біз жастарды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға ұқыппен қарауға үйретіп келеміз. Жас сарбаздарымыз өз еңбектерімен көпке үлгі бола алады, - дейді Ақтөбе орман шаруашылығының өкілі.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасып жатыр. Оның аясында орман алқаптары, өзен-көл жағалаулары мен елді мекендер маңы тазартылып, экобілім беру жұмыстары жүргізілуде.

Табиғат тазалығы – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ақтөбелік жастардың бастамасы өзгелерге де ой салып, айналаны таза ұстауға үндейді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *