«Ар адамы. Бауыржан» – Бауыржан Момышұлына арналған деректі драма премьерасы өтеді
Фотосурет ашық дереккөзден
2025 жылдың 9-10 мамыр күндері Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасының премьерасы өтеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қойылым басталмас бұрын сағат 16:00-де БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Конференцияға батырдың отбасы мүшелері, режиссер Жұлдызбек Жұманбай және инсценировка авторлары Бақытбек Қадыр мен Жұлдызбек Жұманбай қатысады. Ал қойылымның өзі сағат 18:00-де басталады.
«Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасы – Екінші дүниежүзілік соғыстың ауыр жылдарында ар-намыс пен отансүйгіштікті сақтап қалған батырдың қайраткерлік тұлғасын бейнелейтін көркем туынды. Мәскеу түбіндегі шайқастар, Волоколамск тас жолындағы ұрыстар, Панфилов дивизиясының «Гвардия» атағын алуы сияқты тарихи оқиғалар сахна төрінде көрініс табады.
Бұл спектакль – жас ұрпаққа патриоттық сезім мен адалдықты дәріптейтін, батырлық пен рух биіктігін паш ететін тағылымды қойылым. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры барлық көрерменді тарихи тағылымға толы кешке шақырады.
Пікірлер (0)