"Кіндігі кесілмеген": Маңғыстауда жаңа туған нәрестені терезенің алдына тастап кеткен
www.istockphoto.com
Маңғыстау облысында жаңа туған нәрестені тастап кеткен әйел іздестіріліп жатыр. Ол сәбиін жер үйдің терезесінің алдына тастап кеткен. Үй иесі сәбиді таңертеңгі сағат 9:30 шамасында байқаған. Дереу полиция мен жедел жәрдем қызметкерлерін шақыртқан, – деп хабарлайды janabastau.kz Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 3 мамыр күні Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында болған. Жер үйдің терезесінің алдынан табылған нәресте қыз бала, кіндігі кесілмеген.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, үй иесі ас бөлмесіне кіргенде терезенің алдындағы қорап тұрғанын байқап қалған. Сол кезде ыңырсыған дауысты естіп, ішінде мысық не күшік жатқан шығар деп ойлаған.
– Қораптың бетінде сүлгі тұр екен. Сүлгіні алғанда жаялыққа оралған жаңа туған, кіндігі кесілмеген нәрестені көрдім. Бала жылаған жоқ, тек ыңырсып жатты. Тастап кеткеніне көп уақыт болмаған деп ойлаймын. Өйткені денесі жылы болды, – дейді үй иесі Әлия Савдабаева.
Бірден ол полиция мен жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Оқиға орнына келген фельдшер шақалақтың кіндігін кесіп, облыстық Ана мен бала орталығына жеткізген.
Дәрігерлердің айтуынша, нәрестенің салмағы – 2 келі 300 грамм. Қыз бала, оның туа біткен сырқаты жоқ. Дегенмен сәби суықтап қалған екен.
– Жалпы, төмен температурамен келді. Оны орап тастап кетсе де далада біраз уақыт жатып қалған соң ылғалдан суықтап қалды. Барлық көмек көрсетілді, қазіргі таңда баланың жағдайы орташа ауыр, – деді Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Гүлзада Сарбалаева.
Қазір Мұнайлы ауданының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Тәртіп сақшылары ауыл ішін жіті бақылап, іздеу шарасын жүргізіп жатыр.
Пікірлер (0)