Армияда мен де таяқ жегем – депутат Бапи
ulysmedia.kz коллажы
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қазақстандық сарбаздардың әскерде соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Депутат сарбаздардың өліміне тек армия кінәлі емес екенін айтты. Ол бұл жерде қоғамның да кінәсі барын айтады.
- Бізде қазір әр отбасында екі-үш баладан артық жоқ. Жалғыз баласын өбектеген отбасы әскерге баланы жіберуі, Отан қорғауы – заң бойынша парызы. Ол парызды өтеудің орнына алып қалудың амалдарын жасайды. Әлемде қауіп-қатерлер болып жатыр. Алақанда өбектеліп өскен бала әскерге қаншалықты дайын? Оқу оқып жүргенде бастапқы әскери дайындық сабағында автоматтың құрылымын қаншалықты білді? Оның әскерде қызмет етуге деген ерік-жігері бар ма? Бұл жерде сұрақтар өте көп, дейді депутат.
Бапи Қорғаныс министрлігі ешқашан сарбаздардың өзін-өзі атуына, қылмыс жасауына мүдделі емес дейді.
- Шекара қызметі, Ұлттық ұлан да сарбаз бен басшылықтың арасында қалыптасып жатқан жағдайлар, конфликттер болуы мүмкін. Оның бәрін бір күнде шешіп тастамаймыз ғой. Дабыраның бәрі қайдан туады? Мен әскерде болған кезде бізде хаттан басқа ештеңе жоқ болатын. Мен Камчаткадан Зайсанға хат жазам, бір айда жетеді, бір айдан кейін келеді. Қазір екінің бірінің қолында телефон бар. Ол арқылы ақпарат жетеді. Оны қолдай кететін, дүркірейтін қоғам бар. Соның салдарынан осындай дабыра, даңғаза туады. Әйтпесе біз де талай таяқ жедік әскерде болғанда. Таяқ жедім. Бірақ әскери жарғыда «барлық ауыртпалықты берік көтеру» деген бар. Ант қабылдаған кезде жазылған. «Мен ауыртпалықтардың бәрін көтерем» делінген. Бұл сөзді біз санамыздан өткізіп айта алмаймыз. Отан қорғау алдындағы міндетіміздің бір бөлшегі ретінде түсініп айтсақ, болып жатқан оқиғаларға басқаша көзбен қарайтын ба едік, дейді депутат.
ЗАҢ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ
Ермұрат Бапи заң жобасы резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеп, әскерге жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттілігіне байланысты туындағанын айтады. Заңнамалық актілерге енгізу үшін әзірленген түзетулер әскери бөлімдерді дайындалған кадрлармен толықтырып, жауынгерлік іс-қимылдарға дайын резервтік күштерді құруға мүмкіндік береді. Әскери қызметтің бұл түрін енгізу бейбіт уақытта Қарулы күштердің санын көбейтпей, қойылған міндеттерді орындауға дайын азаматтардың бір бөлігін дайындауға мүмкіндік береді.
Заң жобасын қарау барысында мәжілісінің депутаттары 100-ге жуық (оның ішінде 6 кодекс пен 14 заңға) түзету енгізген.
Пікірлер (0)