Трамп Путинге қатаң ескерту жасады

Жаңалықтар
view 109
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Егер Ресей Украина бойынша келіссөздерден бас тартса, Вашингтон Мәскеуге қарсы санкцияларды күшейтеді. 

Дональд Трамп енгізілуі мүмкін қосымша санкциялар туралы егжай-тегжейлі мәлімет берген жоқ. Өзінің әкімшілігі Украинаға қару-жарақ жеткізу мәселесін де қарап жатқанын айтты. Бұл туралы JANABASTAU.KZ хабарлайды.

Оның ойынша, Еуропалық одақ Украинаны қолдау үшін көп іс атқаруы керек.

"Біз Украина Президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесеміз. Президент Путинмен де келіссөз жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе қаралады", - дейді ол.

Өзге бір мәлімдемесінде Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинге қысым жасап, оны Украинадағы соғысты тоқтату үшін шаруаға араласуға шақырғанын атап өтті.

"Ол бұл бағытқа көп күш жұмсаған жоқ. Біздегідей, оның да қолында билік көп. Реттеуге атсалыссын. Біз мұны талқыладық", - дейді ол.

Мәскеу мен Киевтің көзқарасы

Путин Мәскеудің келіссөздерге дайын екенін айтады. Бірақ, оның сөзінше, "жердегі шындық" құрметтелуі керек, яғни, Ресей президенті Украинада басып алынған жерлер Мәскеудің қарамағында қалғанын қалап отыр.

Сонымен қатар, Путин былтыр маусымда мәлімдегендей, Украина НАТО-ға өтуден бас тартып, Ресей 2022 жылы аннексиялаған Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облыстарынан әскерін шығаруға тиіс.

Бұған қоса, келіссөздерді бастау үшін Мәскеу Ресей экономикасына ауыр соққы берген халықаралық санкцияларды алып тастау туралы шарт қойып отыр. Бұл ұсыныстардан Батыс пен Украина үзілді-кесілді бас тартты.

Украина Президенті Владимир Зеленский алғашында "бейбітшілік формуласы" бойынша Ресейден өз әскерін оккупацияланған территориялардан түгел әкетуді талап еткен еді. Бірақ, кейіннен Зеленский позициясын жеңілдетіп, әскер шығаруды келіссөздердің шарты етуді тоқтатқан сыңайлы.

Тағы бір айта кететін жайт, Киевтің кейбір одақтастары Украинаны НАТО-ға жедел шақыру туралы өтінішті оңтайлы қабылдаған жоқ.

Сондықтан Украина батыстық серіктестерінен сенімді қауіпсіздік кепілдігін беруді сұрап отыр.

Зеленский Ресейдің жаңа шабуылдарына жол бермеу үшін ел аумағына 200 мың еуропалық бітімгер жауынгерді шоғырландыруды ұсынды.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *