Аршалы ауданында көктемгі су тасқынына қарсы қорғаныс күшейтілді

Жаңалықтар
view 29
news

Фотосурет: дереккөз

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Аршалы ауданының алдағы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындығына арналған брифинг өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Кешенді қорғаныс шараларының жүзеге асырылуы, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі және күш-құралдардың жұмылдырылуы туралы аудан әкімінің орынбасары Қанат Канафин баяндады.

Биыл су басу қаупінің алдын алу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан ауқымды инженерлік жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Жібек жолы кентінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен келісім негізінде кіреберіс жолдарда қосымша су өткізу құрылғылары орнатылып, ұзындығы 6,2 шақырым болатын қорғаныс дамбасының құрылысы аяқталды.

Жалтыркөл ауылында 9 шақырымнан астам су бұру арналары салынды.

«Инженерлік қорғанысқа жүйелі түрде қарау бізге қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді. Анар және Анаркөл станцияларында арналарды тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізілді, Жібек жолы мен Жалтыркөлде жер біліктері нығайтылды. Маңызды жобалардың бірі – Анаркөл көліндегі дамбаны қайта жаңғырту. Бөгет денесін салу жұмыстарының 95 пайызы аяқталды», – деді Қанат Канафин.

Брифинг барысында аудандағы 8 гидротехникалық құрылыстың жағдайына ерекше назар аударылды. Спикердің айтуынша, өңірдегі ең ірі нысан – Астаналық су қоймасы қазіргі таңда 77 пайызға толған. 

Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш және еріген қар суларын қабылдауға жеткілікті резерв бар екенін білдіреді. 42-разъездегі дамба мен Кенитай су қоймасы бойынша көпфакторлы тексеру басталды. Жағдайы қанағаттанарлықсыз деп бағаланған «Батпақкөл» бөгетінде су деңгейін реттеу және бөгет денесін бут таспен нығайту бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді.

«Мүмкін болатын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 126 адамнан және 107 техника бірлігінен тұратын күштер тобы жасақталды. 21 тоннадан астам жанар-жағармай, 25 мың тонна инертті материал және 25 мыңнан астам қап дайындалды. Ауылдық округтер базасында 740 орынға арналған 12 эвакуациялық пункт және мал айдауға арналған 10 арнайы орын әзірленді», – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.

Кездесу соңында спикер көктемгі су тасқынына дайындық тұрақты бақылауда екенін айтты. Барлық қызметтердің жұмылдырылуы және негізгі инженерлік жобалардың аяқталуы Аршалы ауданы тұрғындарының қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге бағытталған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *