Асхат Аймағамбетов: «Мұғалім TikTok-пен бедел жинамауы керек»
Сурет: видеодан кадр
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында мұғалімнің қоғамдағы бейнесі мен беделі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды janabastau.kz.
Экс-министр ұстаздардың қазіргі таңда әлеуметтік желіде тренд қуып, кәсіби имиджін жоғалтып бара жатқанын айтып, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.

«Мен бұл мәселені әріптестеріме айтқанда, олар: “Сенің көзқарасың консервативті. Заманауи ойламайсың” – деді. Бірақ бізде құндылықтар бар. Мұғалімнің бейнесі, директордың бейнесі бар. Оны күлкі мен әзілдің тақырыбына айналдыру дұрыс емес», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, қазіргі уақыт – TikTok, Instagram, Netflix сияқты платформалардың заманы екенін түсінгенімізбен, мұғалім кәсіби шеңберден шықпауы керек. Балалармен жылы, сенімді байланыс орнату маңызды, бірақ ұстаздың беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болған жөн.

«Рилстің аты – рилс. Онда жұмыс барысын көрсету керек. Ал балалармен анекдот айтып, әр трендті қуалау – сұрақ туғызады. Әр нәрсенің өз орны бар», – деді ол.
Сондай-ақ, депутат Білім министрлігі бұл мәселеге қатысты нақты ұстаным қалыптастыруы керек екенін атап өтті.
Пікірлер (0)