Атбасарлықтар «Таза Қазақстан – Таза Өлке» акциясына қатысты
Сурет: Ашық дереккөзден
Атбасарлықтар тазалық пен мәдениеттің үлгісі ретінде қала көшелерін тазалауға бірлесе шықты. «Таза Қазақстан – Таза Өлке» атты кең ауқымды акцияға 200-ден астам атбасарлық атсалысып, табиғатты қорғаудағы азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Бұл бастама республикалық деңгейдегі «Таза Қазақстан» экологиялық қозғалысының жалғасы болып табылады. Негізгі мақсат тек қана аумақты тұрмыстық қалдықтан тазарту емес, сонымен қатар жастар арасында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, қоғамда экологиялық сананы арттыру.
Акцияға мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, қоғамдық ұйым өкілдері мен жергілікті тұрғындар бірдей белсенділікпен қатысты. Қолына қолғап пен қап алған қатысушылар саябақ аумағын қоқыстан тазартып қана қоймай, қоршаған ортаны сақтау әрбір азаматтың күнделікті әдетіне айналуы тиіс екенін нақты іспен көрсетті. Шараға арнайы қатысқан Атбасар қаласының әкімі Әнес Қайыржан тазалық жұмыстарына үн қосып, табиғатты қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
«Қоршаған ортаның тазалығы ертеңгі күнге жасалатын инвестиция. Табиғатты болашақ ұрпақ үшін сақтау бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл акция бірліктің күші мен жастардың белсенді ұстанымын айқын көрсетті», деді ол.
Жиналған жұртшылықтың ортақ күшімен Жеңіс саябағы аумағы толықтай тазартылды. Мұндай шаралар аудан экологиясын жақсартып қана қоймай, қоғамды табиғатқа қамқорлықпен қарауға үндейді.
Атбасарлықтар үшін бұл акция жай ғана сенбілік емес, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің айқын белгісіне айналды.
Пікірлер (0)