Ауылдардың жаңғыруы: Ақмола облысында нақты нәтижелер мен жүйелі даму бар

Жаңалықтар
view 26
news

Фото: ашық дереккөз

Ақмола облысында ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы жұмыстар нақты нәтижелермен өлшеніп отыр. Бүгінде бұл – тек жоспарлар мен бағдарламалар емес, елді мекендердің жаңарған келбеті, сапалы инфрақұрылым және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасы, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Облыс әкімдігінің қаулысымен даму әлеуеті бар 294 ауыл анықталған. Бұл ауылдарда өңірдегі ауыл халқының 88%-ы, яғни 399 мыңға жуық адам тұрады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар барлық күш-жігерін дәл осы елді мекендерді кешенді дамытуға бағыттап отыр.

Қаржы игерілуі емес – нәтиже басты назарда

2019 жылдан бері «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында облысқа 77 млрд теңге бағытталып, 423 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 148 ауылдағы 270 мың тұрғынның өмір сапасы айтарлықтай жақсарды.

Бұл көрсеткіштер – жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысының айқын дәлелі. Аудандық және ауылдық деңгейдегі әкімдіктер жобаларды уақытылы іске асырып қана қоймай, олардың сапасына да баса мән беріп отыр.

Инфрақұрылым – ауыл өмірінің өзегі

Жобалар бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылды. Әсіресе, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді.

Соңғы жылдары білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында 27 жаңа нысан салынды және жаңғыртылды,,44 инженерлік инфрақұрылым нысаны іске қосылып, жүздеген шақырым су, жылу және электр желілері тартылды, сондай-ақ, 570 шақырымнан астам ауылішілік жол жөнделді.

Бұл жұмыстар – ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты өзгерістер.

Әр ауыл – жеке даму нүктесі

Бағдарламаның тиімділігі нақты елді мекендер мысалында анық көрінеді.

Мәселен, Буланды ауданындағы Вознесенка ауылында бір мезгілде 8 жоба «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында жүзеге асырылды. Ауылда жаңа мәдениет үйі салынды, көпір тұрғызылды, су құбыры толық жаңартылып, мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл – жергілікті атқарушы органдардың кешенді тәсілінің нәтижесі.

Жақсы ауданындағы Жақсы ауылында да 14 жоба аталған бағдарлама аясында іске асырылуда. Мұнда спорт кешені мен жастар орталығы салынып жатыр, жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар жаңартылған.

Ал Сандықтау ауданындағы Балкашино ауылында медицина, білім беру және коммуналдық инфрақұрылым қатар дамып келеді. Аурухана мен балабақша жаңартылып, стадион қайта жаңғыртылды, жолдар жөнделді.

Экономикалық серпіннің негізі

Инженерлік және көлік инфрақұрылымының дамуы ауыл экономикасына да оң әсер етуде. Жаңартылған жолдар мен тұрақты коммуналдық қызметтер кәсіпкерліктің дамуына жол ашып, ауыл тұрғындарының іскерлік белсенділігін арттыруда.

Бұл бағытта ірі жобалар да «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында іске асырылып жатыр. Мәселен, Целиноград ауданындағы Оразақ ауылында көше-жол желісі салынып жатыр, Қоянды мен Қараөткелде электр желілері тартылуда, ал Шортанды ауданында жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді.

Жүйелі жұмыс – тұрақты нәтиже

Бүгінде Ақмола облысында ауылды дамыту – нақты басқару шешімдері мен тиімді ұйымдастырудың нәтижесі. Жергілікті атқарушы органдар тек инфрақұрылым салып қана қоймай, ауыл өмірінің сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді саясатты іске асырып келеді.

Ауыл – бұл енді тек аграрлық аймақ емес. Бұл – дамудың, жаңа мүмкіндіктердің және сапалы өмірдің кеңістігі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *