Баға, қайда барасың?!

Жаңалықтар
view 278
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Апта бойы БАҚ және әлеуметтік желілерде жарыса жазған картоп айнала­сындағы дау жайлы Үкіметтен бастап құзырлы министрліктегілер, Парламент пен жергілікті атқарушы органдар да ан­ық­тап, түйткілді мәселенің түйінін тар­қатып, бағаның неліктен көтерілгенін бағамдап айтып көрді. Сарапшылардың пікіріне сенсек, негізінен алыпсатар дел­далдардың кесірінен картоп бағасының құны бір мезетте қатты өскен.

Өңірдің әр аймағында картоп құнының 2-есеге дейін аспандауы Ақмола облысын да айналып өткен жоқ. Осыған дейін небәрі 180-200 теңгеден аспайтын картоп бағасы бірден 350-450 теңгеге дейін жетіп жығылған.

Картоп құнының қымбаттауына биыл картоптың аз жиналуы себепкер болды деп жатқандар көп. Дегенмен өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл уәж­ді жоққа шығарды. Басқарманың де­ре­гінше, Ақмола облысында былтыр шама­мен 7,8 мың гектар алқапқа картоп егілген. Сондай-ақ тағы 1,5 мың гектар көкөніс егуге бөлінген. 

– Жыл сайын өңірде картоп егілетін егістік алаңының көлемі ұлғайып келеді. Өйткені бұл – әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бірі. Биыл Ақмола об­лыс­ында жалпы көлемі 137,5 мың тонна картоп жиналды. Қазіргі уақытта шамамен 11,9 мың тонна картоп қалды. Оның ішінде өңірдің тұрақтандыру қорында 2,5 мың тоннаға жуық картоп бар, – дейді Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Уәлихан Ескендіров. 

Халықтың ащы жанайқайы мен нара­зылығы өңірдің әр аймағында туа баста­ғандықтан, құзырлы министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар өңірлерге тұрақтандыру қорындағы картопты төмен бағада сатуға шұғыл тапсырма берген. Өңірлік «Көкше» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мұны қысқы уақытта ба­ға­ны тұрақтандыру мақсатында қолға алғанын жеткізді. 

– 2024 жылғы желтоқсаннан бастап Ақмола облысында өңірлік тұрақтандыру қорының көкөніс өнімдерін бұғаттан шығару жұмыстары басталды. Бұл шара қыс-көктем мезгілінде картоп және басқа да әлеуметтік маңызы бар көкөністердің бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Көкөніс өнімдері қор-лар­ын бұғаттан шығару жұмыстары аясында былтырғы желтоқсаннан осы жылдың 18 қаңтарына дейін KOKSHE әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы өзі­не қарасты сауда орындары және сер­ік­тестерінің сауда нүктелері арқылы 708 тонна картоп, 7 тонна сәбіз және 7,2 тон­на қырыққабат сатты, – дейді KOKSHE әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация­сының баспасөз хатшысы Айя Калягина.

Корпорация ұсынған мәліметтерге жүгінсек, аймақта күрт қымбаттап кеткен картоп құнын тұрақтандыру мақсатында қазіргі уақытта «Агротрейд Көкше» компаниясының картобы «Скиф Трейд» ЖШС (Small) сауда желісінде келісі 125 теңге көлемінде бекітілген арнайы төмен­детілген бағамен сатыла бастаған.

– Бұл тек осы сауда желісінде бағаның 55%-ға (бұрынғы бағасы келісіне 276 теңге болған) төмендеуіне мүмкіндік бер­ді. Сонымен қатар Kokshe Market әлеуметтік сауда павильондарында кар­топтың келісі 105 теңгеден сатылуда. Бұл картопты «Зеренда Сақтау өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен жеткізіліп және ол қаланың 11 сауда нүктесінде күн сайын сатылуда, – деп тол­ық­тырды А.Калягина.

Жергілікті әкімдік пен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы баға қалыпты әрі тұрақтандыру қорының картобы жеткілікті дегенімен, халықтың пікірі керісінше шықты. Тұрғындар жоғарыда аталған сауда орындарына түсетін әлеу­меттік бағадағы картоптың құны арзан болғанымен, лезде таусылып қалатынын алға тартады. 

– Әрине, бағасы арзан болғандықтан әрі осындай дүрбелең тудырғаннан кейін әлеуметтік бағадағы картопта кезек ора­сан. Бірден талап алып кетеді. Күнделікті келетін көлемі жеткілікті деп айта ал­маймын. Бір адамға 5 келіден артық беріл­мейді де екен әрі түсетін 3-4 қап картоп кімге жетеді? Түске дейін-ақ түгел таусылып қалады. Оған қол жеткізе алмайтындардың қатары көп, – дейді қала тұрғыны Айсұлу Дүйсенова. 

Бұл пікірмен сауда орындарындағылар да келісетіндіктерін жеткізді. Олардың айтуынша, әлеуметтік бағада жеткізілетін картоптың көлемі тым аз. Сондықтан түскі уақытқа дейін-ақ «Орталық базарда» орналасқан коммуналдық сауда орындар­ындағы әлеуметтік бағамен саудаланатын картоп бірден таусылып қалады. Әрі бір адамға 5 келіден аспайтын көлемде беру жөнінде талап та қойылған. 

– Біздің Kokshe Market желісіндегі көк­өн­іс сатушыларға күн сайын әрқайсысымызға 2-3 қаптан картоп әлеумет­тік бағада жеткізіледі. Біз 90 теңгеден қабылдап алып, оған 15 теңге қосып, 105 теңгеден сатып жатырмыз. Әрине, құны арзан әлеуметтік бағада болғандықтан, ұзынсонар кезек болады. Бір адамға 5 келіден ғана беру талабы бар. Лезде таусылып қалады. Әрине, 300-400 теңгеден алғанға қарағанда осында келіп алған әлдеқайда тиімді ғой. Бірақ шын мәнінде, бұл картоп халыққа жеткіліксіз. Бір сату­шы­ға күніне 97-100 келіден ғана беріледі. Ол тым жеткіліксіз. Халықтың сұранысын қанағаттандыра алмайды, – дейді көкөніс сатушы Ұлдай Тоқсанбаева. 

Өңірдегі картоп бағасының қымбаттау жайын осы саланың жілігін шағып, майын ішкен фермерлерден де анықтап көрмек болдық. Картоп өндірумен ондаған жыл бойы айналысқан жергілікті фермер Қай­рат Жандаев мемлекеттің бағаға ара­ласпағаны жөн деген пікірін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елдің барлық аймағындағы тұрақтандыру қорлары нарықтағы тауарлардың бағасын реттеуге қауқарсыз. 

Биыл еліміздің барлық аймағында картоп жақсы шыққанымен, егу кезіндегі су тасқынынан күзгі жиын-терім кезінде түрлі ауруларға ұшырап, бүлініп, шіріп кеткені көп болды. Ресми статистика жоғары болғанымен, іс жүзінде биыл картоптың көлемі өте аз. Тұрақтандыру қорлары шамамен 500 тоннаның айналасында ғана сатып алады. Ол мүлде жеткіліксіз. Нарықтағы бағаны реттеу үшін бұл теңізге тамған тамшыдай ғана болып қалады. Сондықтан бағаны реттеу үшін жергілікті әкімдіктер әр көктемде кемінде 5-6 мың тоннадан әлеуметтік маңызды өнімдерді сатып алуы сол арқылы бағаны реттеуі қажет. Ол үшін арнайы тендер де жариялануға тиіс. Биыл бір жағынан Ресейдің шекараны жауып тас­тауынан, картоп тек Өзбекстан нарығына сатылды. Әрі делдалдар арқылы бағаның көтерілуіне жол беріліп отыр, – дейді Қайрат Жандаев. 

Тәжірибелі фермер картоп бағасының алдағы уақытта бұдан да қымбаттауы мүмкін екенін айтады.

P.S. 

Сонымен, қымбатшылықтың картопқа да жеткені халықтың шымбайына батып тұр. Құзырлы мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер дереу арада тиісті шешім қабылдамаса, алдағы уақытта кәдімгі картоп түсімізге енетіндей күн алыс емес сияқты... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *