Қосшының соңғы қаһарманы
Фото: видеодан скрин
Таңғы күннің шуағы Қосшы қаласындағы шағын ғана аулаға баяу төгіледі. Үй алдындағы орындықта екі көзін бір нүктеге қадап қарт кісі үнсіз отыр. Кей-кейде таяғымен жерді нұқып-нұқып кеп қалады да айналаға көз тігеді. Қимылы ширақ. Тың. Көшеден әрлі-берлі өткен адамдарға көзін күннен қолымен көлегейлеп, мейірлене қарайды. Ақсақалдың кеудесінде бір ғасырдың қатпарлы тарихы жатыр. Ашаршылықтың ащы дәмі дейсіз бе, соғыстың сұрапыл оты дейсіз бе, бейбіт өмірдің бейнеті мен зейнеті ме – бәрі-бәрі осы бір қарияның тағдырымен астасып кеткен. Сөз етіп отырған кейіпкеріміз –Екінші дүниежүзілік соғыстың Қосшы қаласындағы жалғыз куәгері, ғасыр жасаған Нұрқасым Әжітайұлы, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Биыл 101 жасқа толған қария бүгінде қаладағы ұлы Ермектің қолында тұрады. Ұрпағының ортасында шөберелерінің күлкісін тыңдап отырған ақсақалдың өмір жолы тұтас бір дәуірдің шежіресіндей.
Нұрқасым Әжітайұлы 1925 жылы бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген. Ол дүние есігін ашқан уақыт қазақ даласы үшін ауыр кезеңдердің басталар тұсы еді. Үш жасында ата-анасы Құлжабасы деген жерге көшіп, арада екі жыл өткенде елді жайлаған алапат ашаршылық басталады.
Аштықтан аман қалу үшін отбасы Семейді барып паналайды. Болашақ майдангердің балалық шағы жоқшылық және тағдырдың тауқыметімен өтті. Бірақ сол қиындықтар оның жігерін еш жасыта алмады.
1943 жылы небәрі 18 жасында әскер қатарына шақырылады. Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдаған жас сарбазды бірден майдан даласына аттандырады.
Ол Мәскеу түбіндегі кескілескен шайқастарға қатысты. Маршал Малиновскийдің қолбасшылығымен Керчь қаласын азат етуге атсалысты. Кейін Курск доғасындағы сұрапыл ұрыстар мен Берлин операциясының бел ортасында болды.
Соғыс туралы көп айтқысы келмейді. Бірақ кейде естеліктер жүрек түкпірінен өздігінен сырғып шығады.
Соғыстың аты – соғыс қой, шырағым. Қанша адам қасымда қалды... Жастық шағымыз окопта өтті, – дейді ақсақал баяу ғана.
1945 жылдың мамырында ел Жеңіс хабарын қуана қарсы алғанмен, Нұрқасым Әжітайұлы үшін соғыс әлі аяқталмаған еді. Сол жылдың тамызы мен қыркүйегі аралығында 293-атқыштар дивизиясының құрамында Жапонияға қарсы соғысқа қатысады.
Майдандағы ерлігі елеусіз қалған жоқ. «Жапонияны жеңгені үшін» медалі, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, маршал Георгий Жуков медалі, «1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері» белгісі, «Тың жерлерді игергені үшін» медалі мен басқа да көптеген марапат – оның ерлігінің үнсіз куәсі. Алайда Нұрқасым атамыз үшін ең үлкен марапат – бейбіт өмір еді.
Соғыстан кейін елге оралған ол бірден еңбекке араласты. 1951 жылы Абыралы аудандық оқу бөлімінде әскери инспектор болып жұмыс істеді. Кейін отбасылық жағдаймен Шар қаласына қоныс аударып, темір жол саласында еңбек еткен. Шаған стансасында кезекші де болды.
1957 жылы кеңшар директорының шақыруымен Қайнар ауылына көшіп барып, 20 жылдан аса ағаш ұстасы болып еңбек етеді. Кейін Көкшетау елді мекенінде сатушы болған. Қандай қызметте жүрсе де адалдықты ту етті.
Ол кісі өмір бойы еңбекпен өмір сүрді. Қолынан келмейтіні жоқ еді. Ағаштан түйін түйетін. Біз атамызды мақтан тұтамыз. Қазір ол жайлы өмір сүріп, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатыр, – дейді майдангердің жақындары.
1952 жылы Нұрзиләт Құсайынқызымен шаңырақ көтереді. Екеуі өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткерді. Балаларын өсіріп, жеткізді.
Бүгінде Қосшының ғасыр жасаған соңғы қаһарманы 7 баладан тараған 10 немере мен 9 шөберенің ортасында отыр. Әулеттің ақылман қариясына айналған.
Үйге кірген әрбір адам алдымен төрде отырған ақсақалға сәлем береді. Оның жанары әлі өткір. Сөзі анық. Кейде шөберелеріне қарап, күлімсіреп отырады.
Бір ғасырлық ғұмырдың салмағы оңай емес. Бірақ Нұрқасым Әжітайұлы сол ғасырды қайсарлықпен, сабырмен және адал еңбегімен жүріп өтті. Бүгін де қаланың қазыналы қариясы Құдай берген жасын жасап отыр.
Иә, Қосшыдағы шағын ғана шаңырақта бір ғасырдың тарихы үнсіз ғана тыныстап жатыр...
Пікірлер (0)