Қосшы креативті индустрияның жаңа орталығына айналып келеді

Қосшы жаңалықтары
view 176
news

Фото: primeminister.kz/Gov.kz/El.kz

Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы түсінік пайда болып, бұл салаға мемлекет те аса мән беріп келеді. Бұл азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға зор үлес қосады, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Осы орайда Қосшы қаласында креативті индустрия жай ғана қызығушылық не мәдени іс-шара деңгейінен асып, нақты табыс пен жаңа мүмкіндіктер көзіне айналып келеді деп айтуға әбден болады. Біздіңше, бұл кездейсоқ құбылыс емес, уақыт талабы соған итермелеп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «креативті өндіріс салалары – шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі». Демек шығармашылықты енді тек өнер емес, экономика деп айтса да болғандай.

Иә, бүгінде Ақмола облысында тұңғыш рет Қосшы креативті индустрия орталығына айналып келе жатқан қала ретінде айқындала бастады. Бүгінде бұл мәртебе ресми атаудан гөрі, нақты істермен дәлелденіп отыр. Қаладағы шығармашылық бастамалар біртіндеп жүйеленіп, нарыққа бағытталған өнімге айналып келеді. Оған төменде нақты мысалдар келтіретін боламыз.

Қазір Қосшы қаласында қолөнер, бейнелеу өнері, ұлттық құндылықтарды жаңаша ұсыну бағыттары қарқын алып келе жатыр. Бастысы, мұнда шығармашылық өнімге деген көзқарас өзгерген. Ол тек көрмеге қойылатын дүние емес, сұранысқа ие тауар.

Мысалы, Қосшы қаласының тұрғыны Бектас Кәрімұлының еңбегі соның айқын дәлелі болса керек. Ол жауырын сүйегін өңдеп, оған ұлттық мазмұндағы көркем туындылар салады. Сөйтіп, дәстүр мен заманауи ойдың тоғысын бейнелейді. Осындай жұмыстар креативті индустрияның нақты өніміне айналып, өз аудиториясын қалыптастыра бастаған.

Қосшыдағы креативті индустрияның тағы бір маңызды бағыты – киіз және тоқыма өнері. Сырмақ шебері Әлия Қалиасқарова осы саланы заманауи деңгейге шығарып жүрген қолөнершілердің бірі. Ол шеберлік жолын 2019 жылы бастап, бүгінде 100-ден аса сырмақ жасап үлгерген. Оның туындылары шетелдік көрмелерге де қойылып, жоғары бағасын алды. Бала кезінде әжесінен үйренген жүн өңдеу дағдыларын кәсіпке айналдырған шебердің жұмыстары қазір ішкі және сыртқы нарықта зор сұранысқа ие. Ал бұл дегеніміз – дәстүрлі қолөнердің нақты табыс көзіне айналып отырғанының айқын көрінісі.

Қосшыдағы кәсіби суретшілер де бұл үрдістен шет қалмаған. Репин атындағы институтта білім алған шебер туындыларының шетел көрмелеріне ұсынылуы да жергілікті өнердің әлеуетін көрсетсе керек. Бұл, әрине, мәдени өнімнің экспортқа шығуға қабілетті екенін дәлелдейді.

Сондай-ақ биыл ұйымдастырылған «Телқоңыр» домбыра жасаушы жас шеберлер байқауы Қосшыдағы креативті индустрияның жүйелі түрде қалыптаса бастағанын айғақтай түсті. Бұлай дейтініміз, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың көп болуы бұл салаға деген қызығушылықтың жоғары екенін аңғартты.

Қосшыдағы қолөнердің тағы бір ірі өкілі – «Бесаспап» шеберханасының негізін қалаушы Асқат Бозымбай. Ол ондаған жыл бойы ұлттық қолөнерді дамытып, қазақ бұйымдарын халықаралық деңгейде танытып келеді. Оның еңбектері Парижден бастап, Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі көрмелерге ұсынылған. Шебер тек өнім жасап қана қоймай, шәкірт тәрбиелеп, тұтас шығармашылық ортаны қалыптастырған. Мұндай тұлғалардың болуы Қосшыда креативті индустрияның жеке адамдармен емес, тұтас буынмен дамып келе жатқанын көрсетеді.

Бұдан шығатын қорытынды, осындай игі бастамалар шығармашылықты кәсіпке айналдыруға жол ашуға тиіс. Өйткені бүгінде домбыра жасау, сурет салу, қолөнер бұйымдарын өндіру енді тек жеке хобби емес, тәп-тәуір табыс көзіне айналып келеді. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал ете алады.

Қаладан домбыра музейін ашу жоспары да осы бағыттағы жүйелі қадамдардың бірі болса керек. Алдағы уақытта мұндай кеңістіктің өзі туристік әрі экономикалық тартымдылығы бар орталыққа айналуы мүмкін.

Жалпы, Қосшыдағы креативті индустрияның дамуы – заңды құбылыс. Мұнда алғашқы инфрақұрылымға сұраныс та, оны қалыптастыратын шеберлер де бар. Ендігі міндет – осы әлеуетті жүйелеп, оны тұрақты экономикалық модельге айналдыру.

Егер бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасса, Қосшы тек Ақмола облысы үшін ғана емес, ел бойынша креативті индустриясы дамыған жаңа үлгілі қалалардың біріне айналуы бек мүмкін.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *