Әлихан ҚУАТБЕКОВ, Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы: Жұмысты сапалы орындауды бақылауда ұстаймыз

Қосшы жаңалықтары
view 33
news

Фотосурет: мәслихат мұрағатынан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталған Жолдауында: «Біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім», – деген болатын. Елімізде 2019 жылы басталған саяси реформалар жүзеге асып, еліміз жалпыхалықтық референдум нәтижесінде өзінің жаңа Конституциясын қабылдады. Елорда іргесінде қарқынды дамып келе жатқан Қосшы қаласы жуырда өзінің 5 жылдығын атап өтеді. Осы орайда қалалық мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбековен болған сұхбатымызды назарға ұсынамыз, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

 Әлихан Жұмаханұлы, мемлекет басшысының тапсырмаларын өңірлерде жүзеге асыруда жергілікті мәслихаттың рөлі қандай?

Президентіміз «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады», деген болатын. Біз осы уақытқа дейін сайлаушыларымыздың аманатын орындау, президенттің саяси реформаларын іске асыру жолында қызмет атқарып келеміз. «Күшті президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» жүйесі жас мемлекетіміздің экономикалық қуатын арттырып, қоғамның дамуына жағдай жасап отыр. Елімізді ұйытушы басты құжат – Ата Заңымыз заман талаптарына сай жаңа келбетке ие болды. Бұл өзгерістердің халқымыздың қажеттілігі үшін жасалып жатқан әрекет екені сөзсіз.

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумында, одан кейін Бурабайда өткен IV Ұлттық Құрылтайда және биыл 12 наурызда Астана қаласында өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн екенін атап өткен болатын. Сондықтан мәслихат депутаттары сайлаушылардың үмітін ақтау үшін жергілікті атқарушы органдармен, Сенат, Мәжіліс, облыстық мәслихат депутаттарымен тізе қоса отырып қызмет атқарып жүрміз.

 – Жалпы, президенттің әр жиында Үкімет мүшелеріне, облыс әкімдеріне аймақтардың экономикалық көрсеткіштерін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмалар беріп тұратынын білеміз. Ал жергілікті мәслихат депутаттарына қандай нақты міндеттер жүктелген?

– Мемлекет басшысы елді басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғырту жолында мәслихаттардың атқаратын жұмысы көп екенін атап өткен болатын. Сондықтан өкілді органдарды күшейту арқылы мемлекеттік саясатты тиімді жүргізу көзделген. Яғни, мәслихат депутаттары тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасайтын болғандықтан, елдің көкейіндегі түйткілді мәселелердің шешімін табу, халықтың көңіліндегі сұрақтардың жауабын қарастыру жолында жергілікті әкімдікпен, қоғамдық кеңеспен, қоғам белсенділерімен әрдайым ынтымақтастықта іс қыламыз. Мысалы, мемлекет басшысы барлық деңгейдегі әкімдер мен мәслихат төрағаларының басын қосқан жиында халықпен ашық жұмыс істеу, жергілікті жерлерде тұрғындарға жағдай жасау, аллея-скверлерді көбейту, балалар алаңдарының санын арттыру туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатты іске асыруды көздей отырып, қосшылық депутаттар өз қаражатымызбен Республика көшесінің бойында қаламыздағы тұңғыш «Бірлік» аллеясын салып, қаланың туған күніне тарту еткенбіз. Құрылыс жұмыстары бюджет қаражатынсыз, толықтай депутаттық корпус өкілдерінің жеке қаражатымен жүргізілген. Ал балалар алаңдарын көбейту біздің қызметіміздегі басым бағыттардың біріне айналған. 2023 жылы «Лесная поляна» тұрғын алабында 5 балалар алаңының, 1 футбол алаңының салынуына ықпал етсек, 2024 жылы арнайы қаржы бөлуге себепкер бола отырып, 3 балалар ойын алаңының және 1 футбол алаңының салынуына мүмкіндік жасадық. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 190 млн теңге бөлу қарастырылған. Бұл істе депутат әріптестерім Болат Абдрахманов, Ирина Осипова, Динара Райханова әрдайым ұсынысыма қолдау білдіріп келеді. Қаламыздағы демографиялық өсім көрсеткішіне байланысты, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

 – Қосшыны жайлы, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы заманауи қалаға айналдыру үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?

– Қосшы – президентіміздің өзі құрған алғашқы қала. Сондықтан жас қаланың дамуы тікелей мемлекет басшысының бақылауында деуге болады. Облыс басшысы қаламызға жиі ат басын бұрады. Әр келген іссапарында әлеуметтік нысандардың жай-күйін бақылап, халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін атқарылып жатқан істерге назар аударады. Қаламыздағы жаңа емхананың уақтылы салынуына, білім беру нысандарындағы құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне, қаланы газдандыру мәселесінің уақытынан бұрын басталуына Марат Ахметжанов тікелей бақылау жасаған.

Ауылдан қала жасау көп қажыр-қайратты, мол экономикалық ресурсты талап ететіндіктен, мемлекетіміз әлеуметтік нысандардың көптеп салынуына, инфрақұрылымды жаңарту жұмыстарына айырықша көңіл бөліп отыр. Осы орайда қала тұрғындарының қажеттілігі үшін атқарылатын жұмыстарға облыстық бюджеттен қаражат бөлуде Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповке, қаламыздан сайланған облыстық мәслихат депутаты Айдын Төребаевқа алғысымды білдіремін. Көптеген іс тікелей атқарушы органның басшылығымен жүргізіледі десек, Азамат Қапышев басқаратын жергілікті әкімдік өкілдерінің қаламызды дамытудағы рөлі зор. Халықтан түсетін арыз-шағым бойынша жолданатын мәслихат депутаттарының әр сауалына жауап бере отырып, бірлесе қызмет атқарып келе жатқан мемлекеттік мекеме өкілдерінің, өз қаласының болашағына бей-жай қарамайтын тұрғындарымыздың береке-бірлігі арқасында келелі істер жүзеге асып келеді.

 – Дегенмен қазір әлеуметтік желілерден қала тұрғындарының коммуналдық мекемелердің жұмысына көңілі толмайтынын аңғаруға болады. Қосшыда су мен жарықтың өшуі қашан тоқтайды?

– Қосшы заманауи қала болуы үшін бұл мәселелер міндетті түрде шешімін табады. Қазір жаңа нысандар көп, жыл сайын тұтынушылар саны да артып келеді. Көп ақау ауыл кезінде салынған ескі желілердің жүктемеге сай болмауынан туындап жатады. Осы мәселені жіті назарға ала отырып, біз қала мәслихатының депутаттары ретінде инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары үшін қажетті қаржыны бөліп келеміз.

Қазір қаламызды энергетика, сумен жабдықтау салаларында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Электр желілерін жаңғырту, жөндеу жұмыстарынан бөлек, желілерді АРЭК-тің балансына беру бойынша әкімдікпен бірлесе отырып, осыған дейін біраз шаруа атқарылды. Депутаттар былтыр электр желілерін жөндеу жұмыстарына 250 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Жұмыстың нәтижелі жүзеге асуы қаламыздағы электр желісінің жаңаруына жағдай жасап, жаңбыр жауып, жел соққанда жиі болып тұратын апаттық жағдайларды жоюға септігін тигізеді.

Сумен жабдықтауды сапалы жүргізу – өте маңызды. Қала тұрғындарынан бөлек, Тайтөбе ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары Болат Абдрахмановтың жіті назарында болды. Қазір көптеген көшеге ауыз су берілді. Ал судың сапасы – ауқымды мәселе. Бұл бағытта мәслихат депутаты Ерғали Ділдәбек бюджет қаражатын ұтымды пайдалану үшін ғылыми негіздегі тұжырымдамалар қажет екенін ескеріп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесе отырып жұмыс істеді. Ғылыми мекеме судың сапасын жақсарту бойынша зерттеу жұмысын жүргізе отырып, бірқатар ұсыныс берді. Жұмыс қаламыздағы ауыз судың сапасы толықтай жақсарғанша жүргізіле беретін болады. Қазір ауыз су қорын ұлғайту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.

Осы орайда жылумен қамтамасыз етуді сапалы жүргізудің де маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Қыс айларында депутаттық корпустың атына жылудың жетіспеушілігі туралы көптеген шағым түскен. Мәслихат депутаты Шохан Ибраев жылу беруді мүмкіндігінше тиімді жүргізуді назарда ұстап келеді. Орталық қазандықта резервтік электр желісі салынды. Шохан Саматұлы қазандықты реконструкциялау қажеттілігін ескере отырып, тиісті органдармен бірлесе жұмыс жүргізуге атсалысып келеді. Алдағы уақытта жаңа қазандық салынса, қуат қазіргіден де артып, жылу беру мәселесі толықтай шешімін табуға тиіс.

 – «Жол қадірін жүрген білер» дегендей, енді қарым-қатынастың дәнекері – жолдарымызды асфальттаудың жайы қалай болып жатыр? LRT жобасы Қосшыға жететін болды ма?

– Депутаттық корпустың атына түсетін шағымдардың басым бөлігі жол құрылысы, олардың сапасына қатысты туындайды. Әр апта сайын азаматтарды қабылдау кезінде бұл тақырып міндетті түрде көтеріледі. Бұл қалаішілік жолдарды жөндеу, сапаны арттыру жұмыстарын жетілдіру керек екенін анық көрсетеді. 2025 жылы 12 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қала құрылған кезден бастап, көшелерімізді асфальттау, абаттандыру ісі бір сәтке де тоқтаған емес. Оның ішінде жолдарымызды жөндеу жұмыстары барша қосшылықтар үшін айырықша маңызға ие. Биыл Республика көшесіне асфальт төсеу жұмыстары басталуға тиіс. Жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде орындауды бақылауда ұстайтын боламыз.

Депутаттар қала әкімдігімен бірлесе отырып, Астана агломерациясын дамыту жоспары аясында облыстық мәслихат депутаттарымен, елорда әкімдігімен, Астана қаласы мәслихатының депутаттарымен, көлік басқармасының өкілдерімен арнайы кездесулер өткізу нәтижесінде LRT құрылысы жобасын Қосшы қаласына дейін тартуға ықпал етті. Ел Үкіметінің шешімі бойынша, қаламыздың Астана агломерациясын дамыту жоспарына кіруі жас қаламыз үшін өте маңызды екенін атап өткен жөн.

 – Президенттің «Барлық деңгейдегі билік өкілдері халықпен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат орната білуі керек» дегенін білесіздер. Қосшыда халықпен кездесу қаншалықты деңгейде өткізіліп тұрады?

– VIII шақырылым депутаттары 2023 жылы наурыз айында сайланған сәтте қызметімізді алдымен сайлаушылармен кездесулерден бастадық. Қаладағы барлық көшенің, тұрғын үй кешендерінің кординатын белгілей отырып, тұрақты түрде кездесу өткізуді әдетке айналдырдық. Соның нәтижесінде сайлаушылар тарапынан түсетін сауалдарға, ұсыныс-тілектерге назар аудара отырып, жұмыс жоспарын түздік. Тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша қала әкімдігіне, бөлімдерге, облыстық басқармаларға, департамент, комитеттерге, жауапты министрліктерге және жоғарғы заң шығарушы органдарға жылына жүздеген депутаттық сауал жазылады. Олардың 90-95%-ына жауап беріледі. Осыған дейін жолдаған депутаттық сауалдарымыздың кемінде 70%-ы бойынша мәселе шешімін тапқан. Бұдан бөлек, апта сайын әкімшілік өкілдерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, тұрақты түрде азаматтарды қабылдап тұрамыз. Қабылдау нәтижесінде көптеген шағым оң шешімін тауып жатады. Саяси партияларымыздың сайлауалды бағдарламаларын іске асыру кезінде де жұртшылықпен жүздесулер жиі ұйымдастырылып тұрады.

 – Бұл ретте мәслихат депутаттарының әлеуметтік салаға көңіл бөліп тұратынын аңғарып отырмыз. Ал сіздің қаладағы мемлекеттік тілдің қолданыс аясына көңіліңіз тола ма?

– Иә, депутаттық корпус өкілдері әлеуметтік саланы назардан тыс қалдырған емес. Ақылбек Данабек, Ақмарал Бекбаева, Баянды Сахария, Мақсат Тәшенов тұрғындарымыздың игілігі үшін қызмет етіп отыр. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қоғамның барлық саласының өкілдері үшін түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, тұрғындардың жекелеген мәселелерін шешу бойынша табанды жұмыс жүргізіліп келеді. Қаламыздың қарияларына қол ұшын созу, мектеп оқушыларын қолдау бойынша акцияларға тұрақты түрде қатысып келеміз. Динара Райханова, Сәбит Дүкенбаев, Дидар Кәкімжанов және т.б. депутаттарымыздың демеушілігімен бірқатар облыстық, қалалық деңгейде спорттық турнирлер, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Күні кеше дүниеден өткен ақын Мұхтар Шаханов ағамыз «Тіл – әр ұлттың жаны мен рухы. Тілінен айырылған халық – рухынан айырылған халық» деді ғой. Сондықтан біз де мында ана тіліміздің қадірін арттыру, қолданыс аясын кеңейту бойынша тағылымды іс-шаралар өткізіп тұрамыз.

Мәслихат депутаты Динара Қуанышқызының демеушілігімен жас таланттардың өнерін шыңдау, мемлекеттік тілімізді ұлықтау мақсатында облыстық ауқымда «Қосшы деген қала бар Сарыарқада» атты ақындар мүшайрасын өткізгенбіз. Тек іс-шара өткізіп қана қоймай, біз өз қызметіміз аясында мемлекеттік тілге басымдық береміз. Мәслихат қызметін жүзеге асыруда мәслихат аппаратының басшысы Махаббат Исламбекқызы, ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің басшысы Нұрбек Мұратұлының жетекшілігімен құжаттама мемлекеттік тілде жүргізіледі, депутаттық сауалдар қазақ тілінде жазылады. Мемлекеттік тіл – халқымыздың жаны, ұлтымыздың ұйытқысы. Сондықтан ана тіліміздің абыройы асқақ болуға тиіс.

 – Әлихан Жұмаханұлы, еліміздің гүлденуі, қаламыздың көркеюі жолында атқарып жатқан қызметіңізге толағай табыс тілеймін. Өкілді органның өрісі кеңейіп, депутаттар ел мүддесі жолында қызмет атқара берсін! Әңгімеңізге рақмет!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *