Анна Бойко, Қосшы қаласының тұрғыны: Қазақ тілін әзірге тұрмыстық жағдайда қолданатын деңгейдемін
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Бүгінде Қазақстанда әр ұлт өкілі мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылып, қоғам өміріне белсенді араласып жатыр. Солардың бірі – Қосшы қаласының тұрғыны Анна Бойко. Ол қазақ тілін үйренудегі тәжірибесін бөлісіп, өз ойын ортаға салды, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
– Аня, ең алдымен, қазақ тілін үйренуге себеп болған жағдайды айта кетсеңіз екен...
– Менің қазақ тілін үйренуіме басты себеп өмірлік жағдайларға байланысты қоныс аударуым болды. Алдымен Алматы қаласынан Астанаға, кейін Қосшы қаласына көшіп келдім. Жаңа ортаға келген кезде қарым-қатынас жасау барысында және күнделікті ақпаратты қабылдауда тілдің жетіспеушілігін анық сезіндім. Осы жағдай мені мемлекеттік тілді үйренуге деген қажеттілікке алып келді.
– Қазіргі таңда қазақ тілін меңгеру деңгейіңізді қалай бағалайсыз?
– Қазақ тілін толық меңгердім деп айта алмаймын. Түсіну деңгейім шамамен 20-30 пайыздың айналасында. Дегенмен бұл мен үшін белгілі бір прогресс деп есептеймін. Себебі менің білім алу негізім мектеп пен университетте орыс тілінде болды. Қазақ тілінде көптеген сөздің әртүрлі контексте түрлі мағына беруі, грамматикалық құрылымдардың күрделілігі және кейбір дыбыстардың дұрыс айтылуы үйрену барысында қиындықтар туғызды.
– Күнделікті өмірде қазақ тілін қаншалықты қолданасыз?
– Қарапайым деңгейде қарым-қатынас жасай аламын. Яғни тұрмыстық жағдайда жеңіл сөздермен сөйлесуге мүмкіндігім бар. Алайда күрделі мәтіндер немесе әдеби тілде сөйлейтін адамдарды толық түсіну әрдайым оңай бола бермейді. Сонымен қатар мектеп чаттарында және балалардың түрлі үйірмелерінде қарым-қатынас ішінара қазақ тілінде жүреді. Осындай сәттерде тілді толық түсінбеу белгілі бір ыңғайсыздық тудыратынын жасырмаймын.
– Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлері туралы пікіріңіз қандай?
– Қазақ халқының салт-дәстүрлерге деген құрметі мен оларды сақтауына әрдайым таңданамын. Бұл – өте құнды қасиет. Шынымды айтсам, бір ғана дәстүрді бөліп айту қиын, өйткені олардың барлығы терең мағынаға ие және үлкен құрметке лайық деп санаймын.
– Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Тілді мүмкіндігінше бала кезден үйренген дұрыс деп ойлаймын. Егер белгілі бір кезеңде үзіліс болып кетсе, қайтадан бастауға ешқашан кеш емес. Балаларға арналған кітаптарды оқу, мультфильмдер көру, субтитрмен фильм қарау – өте тиімді тәсілдер. Ең бастысы, тілдік кедергіден қорықпау және тұрақты түрде тәжірибе жасау деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Ғани АТЫМТАЙ
Пікірлер (0)