LRT мен индустрия: Қосшының болашақ бағыты
Фотосурет Aqmola_region
Биыл Қосшы қаласына 5 жыл толады. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде бұрынғы ауыл Ақмола облысындағы ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың біріне айналды. Бүгінде мұнда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым жүйелі түрде жаңарып, жаңа тұрғын үй кешендері, жолдар, мектептер, спорттық және мәдени нысандар бой көтеруде, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Соңғы жылдары Қосшы елорда іргесіндегі маңызды урбанистикалық орталықтардың біріне айналып келеді. Халық санының қарқынды өсуі қаланың дамуына тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Қалада заманауи өмір сүруге қажетті жағдайлар кезең-кезеңімен қалыптасып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар күшейтілуде.
Қазіргі таңда әкімдік алдында халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жайлы қалалық орта қалыптастыру секілді ауқымды міндеттер тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, Қосшы – елде алғашқылардың бірі болып қала мәртебесін алған елді мекендердің бірі және оның дамуы Мемлекет басшысының ерекше назарында.
«Бүгінде Қосшыда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін қаланы толық газдандыруды аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобалары әзірленуде. Денсаулық сақтау саласындағы маңызды нысандардың бірі – Қосшы қаласы мен оған іргелес жеті аудан халқына қызмет көрсететін 350 орындық көпсалалы аурухана құрылысы болады», – деді өңір басшысы.
Қосшыдағы негізгі басымдықтардың бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту және елормен көлік байланысын күшейту. Осы орайда стратегиялық жобалардың бірі ретінде LRT-ның екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Жаңа желі халық тығыз қоныстанған бағыттар арқылы өтіп, «Астана-1» теміржол вокзалынан Қосшы қаласына дейін жалғасады.
Мамандардың пікірінше, бұл жоба көлік жүктемесін азайтып қана қоймай, елорда мен Қосшы арасындағы қатынасты айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар тұрғындардың күнделікті уақыт шығынын қысқартып, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды бастама – аумағы 200 гектардан асатын республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағын іске қосу. Аталған аймақ алдағы уақытта Астана маңындағы жаңа өндірістік және логистикалық орталықтардың біріне айналмақ.
Жобаның негізгі инвесторы ретінде HNCEG компаниясы «Жібек жолы» инновациялық-индустриялық паркін жүзеге асырады. Бұл бастама аясында жаңартылатын энергия көздеріне арналған компоненттер өндірісі, арнайы техника шығару, қасбеттік материалдар өндіру, дата-орталық құру және өзге де жоғары технологиялық өндірістерді іске қосу көзделген.
Сонымен қатар индустриялық аймақта агроөнеркәсіп саласына бағытталған кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Атап айтқанда, сүт өнімдері мен ірімшік өндіру, көкөніс пен жеміс-жидекті өңдеу, шыны пакеттер дайындау және қалалық ландшафтқа арналған конструкциялар шығару өндірістері жолға қойылады.
Сарапшылардың бағалауынша, барлық жобаларды толық іске асыру нәтижесінде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде Қосшы қаласы мен тұтастай Ақмола облысының экономикалық өсіміне қуатты серпін бермек.
Қосшы бүгінде тек тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан қала ғана емес, сонымен қатар болашақта өндіріс, логистика, технология және қызмет көрсету салалары тоғысатын заманауи орталыққа айналуға ұмтылып отыр. 2030 жылға қарай қала елордалық агломерацияны дамытудың негізгі нүктелерінің бірі ретіндегі мәртебесін нығайтып, өңірлік дамудың жаңа үлгісін қалыптастыруды көздейді.
Пікірлер (0)