Стратегиялық серпіліс: Жасанды интеллект – сапалы білімге тең қолжетімділіктің жаңа мүмкіндігі
Фотосурет: дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізуді білім беру саласының басым бағыты ретінде айқындайтын Жарлыққа қол қойды.
Бұл шешім – Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекет ретінде дамытуға және жасанды интеллект саласында жоғары құзыретті, бәсекеге қабілетті адами капитал қалыптастыруға бағытталған стратегиялық саясаттың жалғасы.
Жарлықтың негізгі мақсаты — жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында Қазақстан Республикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталды дамытудың негізгі тетігі ретінде инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне кеңінен енгізу жөніндегі Кешенді жоспарды бекітеді.
Аталған жоспар білім беруді дараландыру тетіктерін құруды, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, педагог кадрларды даярлауды және білім алушылардың дербес деректерін қорғауды қамтиды.
Жасанды интеллект оқу процесіне нақты енгізілетін тиімді құрал ретінде шалғай өңірлердегі оқушыларға ірі қалалармен бірдей білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Пікірлер (0)