Байқоңырда 9 нысан Ресей иелігінен Қазақстан меншігіне өтті
Фотосурет ашық дереккөзден
Қызылорда облысының, Байқоңыр қаласында Ресейдің иелігінде болған бірқатар нысан елге қайтарылды. Ең бастысы мектеп пен балабақшалардың саны артып, енді білім беру нысандары Қазақстандық талап бойынша білім береді. Сондай ақ, Үкіметаралық келісім аясында биыл қаладағы ескірген инженерлік жүйелер түгел жаңартылды, деп хабврлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап.
Байқоңыр қаласында бүгінде 55 мың халық тұрса, соның 40 мыңнан астамы ел азаматтары. Көрші мемлекетке жалға берілген шаһарда бұрын мектеп, балабақшалар ресейлік білім жүйесімен жұмыс істеп келсе, қазір басым бөлігі Қазақстан тарапына өтті. Соңғы жылдары кешендегі қараусыз қалған нысандар да Ресей иелігінен қайтарылып жатыр.
Қайрат Нұртай, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі:
Кәсіпкерлік нысан бойынша қазір 9 ірі нысан қайтарылды. Жалдан шығарылып. ҚР стандартына сәйкес білім беретін мекемелерді көбейтіп жатырмыз. 5 мектебіміз болатын болса, оған қосымша қазір 5 балабақша. Соңғы екі жылда 2 балабақша ашылды.
Соның нәтижесінде қазақ балабақшаларының мәселесі шешімін тауып, халықтың сұранысына сай қамтылып отыр. Оның үстіне, жабық режимдегі қалаға кіріп-шығу тәртібі де жеңілдей түсті. Ал биыл ескірген ауыз су мен кәріз жүйесін толықтай жаңғыртуға ел Үкіметінен 12 миллиард теңге қаржы қаралды. Осындай оң өзгерістерге жергілікті тұрғындар дән риза.
Жәнібек Тұржанов, қала тұрғыны:
Қазақ балабақшасы аз еді. Қазір көбейіп жатыр. Балаларымызды, немерелерімізді беріп жатырмыз. Жақсы болып жатыр әйтеуір бәрі.
Айнұр Дүйсенова, қала тұрғыны:
Тез дайындап беріп жатыр ғой пропусканы. Алдында жүретінбіз бір жетілеп. Қазір 2-3 күнде дайындап береді. Барамыз ала қоямыз.
Адамзат тарихында алғаш ғарышқа жол ашқан Байқоңыр кешеніне биыл- 70 жыл. Екі ел үкіметі қаланы дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, алдағы уақытта ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асырмақ. Соның ішінде ғарыш саласын игеру бағында тың бастама бар.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Биыл еліміздің ғарыш саласында айтулы оқиға күтіп тұр. Қазақстанның «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешені ел тарихында алғаш рет отандық зымыранды осы жылдың желтоқсан айында ғарышқа ұшырмақ.
Әділбек Серікұлы
Пікірлер (0)