«Балаларға ауру тудыратын арзан вакцина салынады»: ДСМ мәлімдеме жасады

Жаңалықтар
view 268
news

Фотосурет: © iStock.com/VioletaStoimenova

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік желілерде тарап жатқан балалардың ауруына себеп болады деген «арзан вакциналарды сатып алу» туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Аталған әңгімені «Әңгіме бар» подкастында журналист Айнұр Асанбердімен болған сұхбатта Нархоз университетінің профессоры ретінде таныстырылған Күлзада Әбенова айтқан болатын, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Министрліктің баспасөз қызметі Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакциналар көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтетінін алға тартты. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына және ұлттық заңнамаға сәйкес тіркеуден өтіп, қолдануға рұқсат алады.

Вакциналар «арзан» қағидаты бойынша емес, сапа, қауіпсіздік және тиімділік көрсеткіштеріне ғана негізделе отырып сатып алынады.

Сатып алу барысында мына талаптар ескеріледі:

- ДДСҰ-ның квалификацияалды өтуі немесе қатаң реттеуші бақылауы бар елдерде тіркелуі;

- клиникалық зерттеулердің нәтижелері;

- өндірістік тиісті практиканың (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкестігі;

- тіркеуден кейінгі қауіпсіздік мониторингінің деректері.

Вакциналарды «балаларда ауру туындатады» деген мәлімдемелердің ешқандай ғылыми дәлелі жоқ және көпжылдық халықаралық бақылау деректеріне қайшы келеді. Керісінше, вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді едәуір төмендетуге, мыңдаған ауыр асқыну мен өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік берді. Соңғы 34 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында эпидемиялық паротитпен сырқаттану деңгейі 100 еседен аса төмендеді (1990 жылғы 12 194 жағдайдан 2024 жылы 118 жағдайға дейін), вирусты А гепатиті 32 еседен аса (1990 жылғы 73 962 жағдайдан 2024 жылы 2 289 жағдайға дейін), ал вирусты В гепатиті 92 есе (1990 жылғы 5 287 жағдайдан 2024 жылы 57 жағдайға дейін) азайды, – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, вакцинацияның арқасында балалар арасында қызылшамен сырқаттану 90%-дан аса, қызамық пен паротит 95% төмендеген. Полиомиелит 1996 жылдан, дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген. Бұл деректер ұлттық иммундау бағдарламасының тиімділігін айқын дәлелдейді.

Министрлік медициналық білімі мен тиісті кәсіби құзыреті жоқ адамдардың мұндай мәлімдемелерді таратуы ата-аналардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін әлсірететінін және балалардың денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін екенін атап көрсетеді.

Қазақстанда фармакологиялық қадағалау және жағымсыз реакцияларды мониторингтеу жүйесі жұмыс істейді. Оның аясында әрбір тіркелген жағымсыз жағдай мамандар тарапынан мұқият талданады. Қауіп анықталған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жедел шаралар қабылданады. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне, дәрігерлердің ұсынымдарына және дәлелді медицина деректеріне сенуге, сондай-ақ балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске саламыз, – деп қосты министрліктің баспасөз қызметі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *