Назарбаевтың Малайзия Үкіметін басқарған құдасы 12 жылға сотталды

Жаңалықтар
view 390
news

Фотосурет: akorda.kz

Малайзия соты елінің бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разакты мемлекеттік инвестициялық қордан ақша ұрлады деген айыппен 12 жылға түрме жазасына кесті, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Centralasian.org-ке сілтеме жасап.

Сот экс-премьерді қызметін асыра пайдаланды, көлеңкелі ақшаны заңдастырды деген баптар бойынша айыпты деп таныған. Сондай-ақ оған 49,3 млн доллар айыппұл төлеу міндеттелді. Сот айыпталушыны сот үкімі күшіне енгенше бостандыққа жіберді.

Айта кетсек, Наджиб Разак 2009 жылы Үкімет басшысы болып тұрғанда өзі құрған 1MDB инвестициялық қордан ақша жымқырғанын мойындамаған. Сот материалында айтылған қаржы мемлекеттік қор жанынан құрылған SRC International компаниясына тиесілі 10 млн долларға қатысты.

АҚШ тергеушілері мемлекеттік қордан кемі 4,5 млрд доллар ұрланып, күрделі желілер арқылы заңдастырылған деп отыр. Бұл қаржының қымбат зәулім үйлер, бағалы заттар сатып алуға жұмсалғаны айтылады.

Наджиб Разак банктегі жеке есеп шотындағы 700 млн долларды Сауд Арабиясының сыйлығы деп мәлімдеп, ол ақшаны қайтарғанын алға тартты.

Экс-премьер 2018 жылы қамауға алынғанға дейін Reuters агенттігіне сұқбат беріп, үйін тінту кезінде табылған 300 қорап бағалы заттар мен қымбат әшекейлерін қызы мен әйеліне жіберілген сыйлық екенін айтқан.

Бір қызығы, Наджиб Разак әрбірі кемінде 10 мың доллар тұратын сөмкелерді қызы мен әйеліне күйеу баласы Данияр Кесікбаев сыйлады деген. Ал оның қызы Нуриана Наджва осы Данияр Кесікбаевқа (БАҚ оның аты-жөні Данияр Назарбаев болғанын жазады) тұрмысқа шыққан. Ол – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы.

Сонымен, Наджибтің әйелі мен онымен бірге жұмыс істеген жоғары лауазымды шенеуніктерге де мемлекет қаржысын ұрлады деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

Өткен аптада АҚШ-тың Goldman Sachs инвестициялық банкі Малайзия үкіметімен 1MDB қорына қатысты өзінің қызметкерлерінің айыпталуына байланысты 3,9 млрд доллар төлеу жөнінде келісімге келді. 1MDB қорына қатысты жанжал 2018 жылдағы сайлаудан кейін Наджиб Үкіметінің отставкаға кетуіне себеп болды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *