«Банкте қара тізімдемін»: Талғардың экс-әкімі такси жүргізушісі болып жүр
коллаж: kursiv.media
Талғар қаласының бұрынғы әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы қазір немен айналысып жүргенін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Экс-әкім Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында такси жүргізушісі болып жүргенін айтты.
«Қазақта «есектің артын жусаң да мал тап» деген сөз бар. Үшінші күн болды, күн-түн демей такси жүргізушісі болып жүрмін. Өзімнің көлігім жоқ. Көлікті жалға аламын. Үйде жатқаным ұят болды. Бала-шағамды асырау керек болған соң бұрынғы әкім такси жүргізушісі болып жүр. Күніне 18 500 теңгеге жоспар береді. Такси болып жүргенімде 1-2 адам танып қалды. «Неге бұлай» деп сұрады.
«Үйде жатқаныма намыстандым. Денсаулық түзелді, ой орнына келді, күйзеліс кетті. Әйелім жұмыс істеп жатқанда мен қалай теледидарды қарап, екі аяғымды аспанға көтеріп жатамын» деп жауап бердім. 4 балам бар, ипотекаға алған үйім және салып, аяқтай алмай жатқан бір үйім бар. Басқа түгім жоқ. Жинаған ақшам, көлігім жоқ. Қазір банктің қара тізіміндемін. Ай сайын 500 мың теңгені төлей алмадым. Жалпы 22 миллион қарызбын. Асығыстық жасап, қарызға кіріп кеттік. Ешқандай тірегім де жоқ», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол қызметтен кету себебін де жасырмады. «Біріншіден, денсаулығым сыр берді. Екі жыл бұрын әкем дүниеден өткен болатын. Әкеден айырылу үлкен стрес болды. Аудандық депутат болдым. Содан соң 1 жыл, 8 айдан кейін әкім болуға бел будым. Қолыма үлкен тізгінді алуын алдық. Бірақ Талғар қаласының түрлі мәселелері, 100 мыңнан астам халқы бар. Барлығы келіп әкімдікке тиеді екен. Менің денсаулығыма да жүйкеме де әсер етті. Ішкі ағзамның бәрінде ауру бар. Оның бәрі жүйке тозғанннан екен. Емделіп көрдім. Бірақ сонда да болмады», — дейді ол.
Айта кетейік, Арыстанбек Әбілқайырұлы көпшілікке «TikTok-тағы әкім» деген атаумен танылған еді. Ол әлеуметтік желіде белсенді болып, қалада атқарылып жатқан жұмыстарды, көшелерді көркейту және тротуарларды жөндеу барысын бейнероликтер арқылы жиі бөлісіп отырды.
Қала тұрғындары әкімнің кабинеттен, үйінен немесе қызметтік көлігінен тікелей эфирге шығып, сұрақтарға жауап беріп, ашық диалог жүргізетінін жоғары бағалаған болатын.
Пікірлер (0)