«Базарда сауда жасап жүрмін»: Олимпиада жүлдегері Жазира Жаппарқұл бүгінгі күнін ашық айтты (ВИДЕО)

Жаңалықтар
view 295
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, зілтемірші Жазира Жаппарқұл қазіргі күнде базарда сауда жасап жүргенін айтты. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz   ақпарат агенттігі

Спортшының айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында сауда-саттықпен айналысып жүр. Барлық тауарға өзі тапсырыс береді, кейде өзі де сауда орнына шығады. Айтуынша, бұл – адал еңбек, одан еш ұялудың қажеті жоқ.

«Базарда сауда жасаймын. Ол жерде өзімнің адамдарым тұрады. Арасында өзім де барамын. Ашып алып, кетіп қалу деген жоқ қой. Басы-қасында жүріп, қарап жүруің керексің. Барлық тауарды өзім тапсырыс беремін», – деді ол.

Алайда кейбір сатып алушылар оны танып қалып, «Олимпиада жүлдегері базарға түсіп кетті ме?» деп таңданысын білдіреді екен. Жазира бұл көзқарасқа қынжылатынын айтты.

«Сатып алушылар келгенде мені танып, “Сен базарға шығып кеттің бе?” деп сұрайды. Онда тұрған не бар?! Мен біреудің тамағын немесе жұмысын тартып алыппын ба? Ішіп кетсем “мал болып кетті” деп айтады. Осындай жұмыс істеп жатсаң “мынадай” деп айтасыңдар. Оларға түзу сөйлеп үйреніңіздерші деймін», – деді Жаппарқұл.

Сонымен бірге, ол қоғамдағы екіжүзді көзқарасты сынап, жастарға адал еңбек пен пайдалы іспен айналысуға кеңес берді.

«Кейбір адамдар “дұрыс, жарайсың, саудада береке бар” дейді. Ал басқаларына жақпайсың. Менталитетіміз дұрыс емес сияқты. Ішіп-шегіп жүргенше, спортпен немесе бизнеспен айналысқан дұрыс», – дейді Олимпиада жүлдегері.

Еске сала кетейік, Жазира Жаппарқұл — 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада ауыр атлетикадан күміс медаль иеленген тұңғыш қазақ қызы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *