Белсенді Санжар Боқаев қамауға алынды
Фотосурет: әлеуметтік желіден
Алматы қаласында қылмыстық іс аясында жүргізілген тергеу әрекеттері барысында Санжар Боқаев ұсталды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалған, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ агенттігі.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратып, қоғамда теріс пікір қалыптастыруды көздеген.
Атап айтқанда, ол жекелеген азаматтардың қоғамдық саябақтарда ағаштарды заңсыз кесуі және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауы туралы бейнематериалдарды жариялаған. Құқық қорғау органдарының дерегінше, аталған әрекеттер тек ақпараттық манипуляциямен шектелмеген.
Тергеу нұсқасына сай, Санжар Боқаев бұл қылмыстарды өзі ұйымдастырып, қаржыландырған. Ол үшін табысы төмен азаматтарды тартып, оларға ақшалай сыйақы ұсына отырып, ағаш кесу және ұрлық жасауға тапсырма бергені айтылуда.
Сонымен қатар, күдікті аса ірі көлемде қаржы қаражатын алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке де ілінді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Іске қатысты өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Пікірлер (0)