Таяу Шығыстағы шиеленіске Қазақстанның ұстанымы қандай?
Фотосурет: oxu.az
Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрт шиеленісуі әлемдік қауымдастықты алаңдатып отыр. АҚШ пен Израиль тарапынан Иран аумағындағы нысандарға жасалған соққылар, оған жауап ретінде Тегеранның қарсы әрекеттері өңірдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндірді. Бұл жағдай тек аймақтық деңгейде ғана емес, жаһандық саясат пен экономикаға да ықпал ететін күрделі дағдарысқа айналып отыр, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Осыған байланысты Қазақстанның ұстанымы ресми түрде айқындалды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев еліміздің басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпайтынын және ешбір тарапты қолдамайтынын мәлімдеді. Қазақстан дәстүрлі түрде бейтарап саясат ұстанып, кез келген қақтығыстың дипломатиялық жолмен шешілуін қолдайды. Ресми Астана халықаралық құқық нормаларын, соның ішінде БҰҰ Жарғысын сақтауды басты қағида ретінде атап өтті.
Қазақстан тарапы Иранмен әртүрлі бағытта ынтымақтастық орнатқан Каспий маңы елдерінің бірі ретінде жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Сыртқы істер министрлігі барлық даулы мәселелерді, әсіресе ядролық бағдарламаға қатысты түйткілдерді келіссөз арқылы шешуге шақырды. Сонымен қатар ядролық қарудың таралуына жол бермеу және халықаралық қауіпсіздікті сақтау қажеттігі ерекше атап өтілді.
АҚШ-тың Ирандағы ядролық нысандарға соққы жасауы халықаралық реакция тудырды. Бірқатар елдер бұл әрекетті айыптап, өңірдегі жағдайдың одан әрі ушықпауын талап етті. Мәселен, Сауд Арабиясы мен Қатар ұстамдылыққа шақырса, Қытай мен Ресей халықаралық құқықтың бұзылғанын мәлімдеді. Ал Еуропалық Одақ өкілдері мәселені тек дипломатиялық жолмен шешуге үндеді.
Қақтығыстың ушығуы әлемдік экономикаға да әсер етіп отыр. Әсіресе мұнай нарығындағы тұрақсыздық айқын байқалады. Израильдің соққысынан кейін Brent маркалы мұнай бағасы күрт өсіп, қысқа мерзім ішінде 13 пайыз қымбаттады. Сарапшылар бұл үрдіс жалғасса, бағаның одан әрі шарықтауы мүмкін екенін айтады. Мұндай жағдайдың басты себебі – Ормуз бұғазы маңындағы қауіп. Аталған стратегиялық су жолы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады.
Егер Иран бұл бұғазды жабу туралы шешім қабылдаса, жаһандық энергетикалық нарыққа ауыр соққы болуы ықтимал. Бұл өз кезегінде инфляцияның өсуіне, логистикалық тізбектердің бұзылуына және көптеген елдің экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, мұндай сценарий әлемдік дағдарысқа әкелуі ғажап емес.
Қазақстан үшін бұл жағдайдың тікелей әскери қаупі жоқ. Алайда жанама экономикалық әсері айқын сезілуі мүмкін. Мұнай бағасының өсуі қысқа мерзімде экспорттық табысты арттырғанмен, ұзақ мерзімде тұрақсыздыққа алып келуі ықтимал. Экономистердің айтуынша, басты мәселе – мұнайға тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыру.
Сарапшылар қазіргі ахуалды уақытша мүмкіндік ретінде қарастыруға болатынын айтады. Яғни, жоғары мұнай бағасы кезеңінде бюджет кірісін ұлғайтып, қаржылық резервтерді күшейткен маңызды. Алайда бұл жағдайға арқа сүйеп қалу қауіпті. Себебі геосаяси тұрақсыздық ұзаққа созылса, оның салдары барлық елге, соның ішінде Қазақстанға да теріс әсер етеді.
Сонымен, Таяу Шығыстағы қақтығыстың тек аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі күрделі мәселе екенін айттық. Қазақстанның бұл жағдайда бейтараптық пен дипломатия қағидаттарын берік ұстанып отырғаны да белгілі. Өйткені әлемдік қауымдастық үшін де басты міндет – шиеленісті ушықтырмай, келіссөз арқылы бейбіт шешім табу.
Пікірлер (0)