«Билікке сын айтқанның бәрі террорист емес»: Әміржан Қосанов Президентке ашық хат жазды
Фото: facebook/Әміржан Қосанов
Белгілі саясаткер, 2019 жылы президенттік сайлауға түскен журналист Әміржан Қосанов facebook-парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Министрлер мен әкімдерге сене бермеңіз»
Дегенмен саясаткер олардың бәрін жамандай алмайтынын, арасында шынымен де іскер, таза азаматтар бар екенін айтты.
2019 жылы Сізбен сайлауға түсіп, ресми түрде екінші орын (бұрын-соңды боп көрмеген 16,2 процент) иеленген азамат ретінде Сізге бес мәселе бойынша ашық хат жазуға қақым бар деп ойлаймын.
Оңаша кездескенде айтайын десем, не мен Сізбен кездесуге сұранбаймын (өз қырсықтығым бар және де «шақырмаған жерге барма» дейді атам қазақ), не Сіз маған хабарласпайсыз.
Бірақ, уақыт зымырап өтіп бара жатыр, Сіз бен біз билікке таласқан кезден, міне, алты жылдан асып кетіпті. Ел мүддесі болса, кезек күттірмейді.
Азамат және саясаткер ретінде Сіздің ескі Қазақстаннан Жаңа, Әділетті Қазақстан форматына көшу туралы барлық бастамаларыңызды қолдаймын. Отыз жыл жеке адам режиміне бас иген жүйе тұсында запа шеккен азамат ретінде Сіздің мемлекеттің ашықтығы, ұлттық мүдделерді қорғау жайындағы идеяларыңыз дұрыс деп санаймын. Назарбаев тұсында айтылмаған жайттарды айтып жатырсыз. Дұрыс!
Сонымен бірге өзіңіз жария еткен (және оған баршамыз сеніп қалған) «Алуан түрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатына сай мына бір ойларды Сізге жеткізсем деп едім.
Біріншіден, өзіңізге келіп, таң-тамаша баяндама жасап жатқан министрлер мен әкімдерге көп сене бермеңіз. Олардың бәрін жамандай алмаймын, арасында шынымен де іскер, таза азаматтар бар. Бірақ жалпы жағдай онша емес. Ол өз алдына бөлек үлкен әңгіме.
Екіншіден, соңғы кезде қаржылық ахуал мүшкіл деген сылтаумен қазіргі аса қиын да күрделі геосаяси жағдай тұсында ішкі саясат, рухани салаға жұмсалуы тиіс қаржы қысқарып жатыр: өз идеологиясын қаржыландырмаған мемлекет басқа елдің идеологиясының құрбаны боп кетеді емес пе? – деп жазды Әміржан Қосанов.
«Кадр саясатын тым «дипломаттандырып» жібердіңіз»
Бұдан әрі саясаткер соңғы кезде Назарбаев тұсында салтанат құрған трайбализм, рушылдық, жершілдік секілді біртұтас қазақ ұлтына зиян келтіретін кадрлық кеселдер ушығып бара жатқан секілді деген қаупі барын да жасырмаған.
Үшінші мәселенің азаматтық қоғамға қатысы бар. Билікке сын айтқанның бәрі бүлікшіл емес, террорист емес. Сын түзелмей, мін түзелмейді емес пе: азат ойлы азаматтар ойындағысын айтсын, ол үшін қудаланбасын.
Төртінші жайт Сіздің айналаңызға қатысты. Соңғы кезде ол жақ біржақты кланданып, касталанып барады. Байқасам, Сіздің орныңызға талас басталып кеткен сияқты. Оны өзіңіз де көріп-біліп жатқан боларсыз. Алайда, Украинаның Қырымнан Майдан кезінде айрылып қалғанын білесіз, сондай жайт болмасын деп, 2019 жылы мен де жұртты көшеге шақырмадым, сол үшін әлі таяқ жеп келемін. Айналаңызға қарасам, бір-бірін түтіп, жеп қоятындай сарышаяндар. Ертең олар бас билік үшін таласып, бас жаққа барысса, ел амандығы мен жер тұтастығы не болмақ?!
Бесінші мәселенің электораттық сипаты бар.
Соңғы кезде Назарбаев тұсында салтанат құрған трайбализм, рушылдық, жершілдік секілді біртұтас қазақ ұлтына зиян келтіретін кадрлық кеселдер ушығып бара жатқан секілді. Кадр саясатын тым «дипломаттандырып» жібердіңіз, мықты елші мықты әкім болады деп кім айтты?
Мен айтпасам, кім айтады: бүгінде Сіздің қолыңызда барлық құқықтық механизм мен мүмкіндік бар. Өзіңіз сайлауға түспеймін деген алдағы 2029 жылғы науқанға өркениетті, қазақтың біртұтастығын қамтамасыз ететін, сайлау мейлінше жалпыұлттық тұрғыда легитимді болатындай жағдай жасаңыз, - деді Әміржан Қосанов.
Пікірлер (0)