Ақтөбе облысында екі жекеменшік мектеп мұғалімдерге төрт ай бойы жалақы төлемеген

Жаңалықтар
view 28
news

Фото: Алтынай Сагындыкова/Kazinform

Ақтөбе қаласында орналасқан “Білім” және “Смарт білім” жекеменшік мектептері мұғалімдерге бірнеше ай бойы жалақы төлемей келген. Прокуратураның ұсынысы бойынша еңбек инспекциясы екі мектепке 300 мың теңге көлемінде айыппұл салғанымен, ұстаздар әлі күнге дейін еңбекақыларын ала алмай отыр, деп хабарлады Kazinform.

Мұғалімдердің айтуынша, жалақының кешігуі төрт айға созылған, ал кейбіреулер несие мен ипотеканы уақытылы төлей алмай, жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

Мен бұл мектеп ашылған күннен бері жұмыс істеймін. Тамыздан бері, төрт айдан астам уақыт жалақы алған жоқпыз. Сабақтар өз кестесімен жүріп жатыр, бірақ еңбекақы жоқ. Әкімге де, облыс басшысына да, білім бөліміне де жүгіндік. Мұғалімдердің бәрі қарызға батты, бәрінде несие бар. Көпшілігі “қара тізімге” енді. Әр 10 күн сайын “жақында төлейміз” деп уәде береді. 500 мұғалімнің 100-150-і жұмыстан кетіп қалды, – деді ұстаз Гүлмира Жүсіпова.

Ал еңбек инспекциясы мектептерге айыппұл салынғанын растады, бірақ жалақы қарызы әлі өтелмегенін айтты.

Мектеп директоры Айгүл Арызғазиеваның сөзінше, қаржыландыру мәселесі соңғы үш жыл бойы шешілмей келеді.

Бастапқыда мектепті Білім және ғылым министрлігі қаржыландырды, кейін бұл функцияны Оқу-ағарту министрлігіне берді. Кейін қаржыландыруды Қаржы министрлігіне ауыстырды, жаңа платформа енгізілді. Сол себепті жалақы кешігіп жатыр. Бізге айыппұл салынды, бірақ мұғалімдерге өтемақы төлеуге қаржы қарастырылмаған. Мектеп балаларға тегін білім береді, ал есепшотта ақша жоқ, – деді директор.

Ресми дерекке сәйкес, бұл мектептерде 8 мыңнан астам оқушы білім алады, 579 педагог жұмыс істейді. Әр оқушыға мемлекеттен жылына 570 мың теңге бөлінеді.

Ақтөбе облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ақкенже Тыңдыбаева жағдайға түсініктеме беріп, 2025 жылдың мамыр айынан бастап қаржыландыру жергілікті бюджетке берілгенін айтты.

Қазір министрлік жаңа тетікті іске қосып жатыр. Деректер “Е-Қазына” платформасына енгізілді. Биыл жергілікті бюджеттен 4 млрд теңге бөлінді, оның 1,4 млрд теңгесі “Смарт білім” мектебіне бағытталады, – деді ол.

Мұғалімдер болса, еңбекақыларын тез арада алып, оқу процесін жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрап отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *