«Бір арлан туса, оны талауға он ит туады» – Сәпиевті сынағандарға Болмановтың базынасы
Фотосурет: дереккөз
Әнші Қыдырәлі Болманов Серік Сәпиевтің спорт тарихындағы жетістіктерін ұмытпау керектігін атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында Олимпиада чемпионы атанған боксшылардың саны өте аз, ал Олимпиаданың ең үздік былғары қолғап шеберіне табысталатын Баркер кубогына қол жеткізу аса сирек бұйыратын мәртебе.
«Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер, Өшер елдің баласы бірін-бірі қатын дер... Тәуелсіз Қазақстан болғалы алтын алып, Олимпиада чемпионы бола алған бар-жоғы жеті боксшы батырларымыз бар екен... Сегіз миллиард адамның ішінен. Аллаға шүкір!
Олимпиаданың ең үздік боксшысына берілетін «Баркер кубогына» ие бола алған батырларымыз одан да аз. Ал Серік батыр оны да алған, сол Олимпиадада. Тарихымыздың қай кезеңінде ел намысын қорғайтын өз батырына шүйліккен ел көріп едік? Ау, ағайын! Серіктей, Бекзаттай батырларың, қазіргі өсіп келе жатқан таланттар бір ғасырда бір келетін таланттар емес пе? Бір арлан туса, оны талауға он ит туады дейтін бе еді... - деді Қыдырәлі Болманов.
Еске сала кетсек, Серік Сәпиев пен оның орынбасары – самбошы Дәурен Есімханов арасында жанжал туған болатын. Оқиғаға байланысты Серік Сәпиев те әлеуметтік желіде пікір білдірген. Ол мемлекеттік қызметкер ретінде әрдайым этикалық талаптарды ұстанатынын, ал мәселенің өз шешімін тапқанын мәлімдеді.
Пікірлер (0)