Біз таңдаған бағдар дұрыс - Тоқаев
Фотосурет: Ақорда
«Бүгін мен еліміздің жасанды интеллект негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізетін жаңа саяси реформа туралы ойымды ортаға салғым келеді. Бұл жерде парламенттік реформа туралы айтқалы тұрмын.
Жоғары өкілді билік тармағына қатысты реформаны бұған дейінгі барлық өзгерістің, соның ішінде Президент билігіне қатысты өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз Әділетті Қазақстанды құруға кірістік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес билік пен халықтың арасында ашық әрі бүкпесіз диалог орнатып жатырмыз.
2022 жылы маусым айында елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Онда азаматтарымыздың басым көпшілігі «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиясына қолдау білдірді. Соңғы жылдары Қазақстанда, тіпті, шетелдерде болып жатқан оқиғалардың өзі біз таңдаған бағдардың дұрыс екенін көрсетіп берді. Дегенмен бір жерде тоқтап қалуға болмайды», - деді Жолдауда президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтуынша, біз еліміздің және кейінгі ұрпақтың болашағын тереңнен ойлауымыз керек.
«Менің жылдың басында «Ана тілі» газетіне ауқымды сұхбат бергенімді білесіздер. Онда «Реформа – ұдайы жүретін үдеріс, қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді» деп айттым», - дейді мемлекет басшысы.
Пікірлер (0)