Британия саясаткерлері премьер-министр Борис Джонсонға отставка талап етті
Жаңалықтар
148
Британия премьер-министрі Борис Джонсон 7 шілдеде отставкаға кетуі мүмкін, деп хабарлайды Sky News.
Телеарнаның Даунинг-стриттегі дереккөзіне сүйенсек, жақында үкімет басшысы отставкаға кететінін жариялаған. Бұған дейін Ұлыбритания үкіметіндегі 30-дан астам шенеунік премьер-министр Борис Джонсонға деген сенімін жоғалтуына байланысты қызметінен кетті. Отставкаға кеткендердің қатарында министрлер де, депутаттар да бар. Бір күн бұрын Денсаулық сақтау және Қаржы министрлері жұмыстан кеткенін мәлімдеді.
Оның үстіне отставкаға кеткен бірнеше министр Джонсонға хат жазып, оның премьерліктен бас тартуын талап етті. Маусым айының басында Джонсонның консервативті партиядағы әріптестері оған қарсы сенімсіздік вотумын жариялаған еді. Бірақ премьер бұған қарамастан жеңіске жеткен болатын.
Еске сала кетер болсақ, Борис Джонсон Ұлыбританияның премьер-министрі болып 2019 жылғы 24 шілдеде тағайындалды. Ол елді 2019 жылдың 31 қазанында ЕО-дан шығарып, тіпті қажет болса одақпен байланысты үзуге дейін баратынын жариялаған.
Пікірлер (0)