"Дардай әнші, бірақ еңбекақыны бермеді": Әмренің бұрынғы ассистенті бар шындықты жайып салды

Жаңалықтар
view 202
news

Сурет: инстаграм

Әмре атымен танылған әнші Ернар Садырбай екі жыл бойы бірге жұмыс істеген ассистенті Гүлмира Мұхамедиға еңбекақысын толық төлемей, еңбек шарттарын сақтамаған. Бұл туралы Гүлмира әлеуметтік желідегі парақшасында ашық мәлімдеп, өнер иесінің «жұлдыздық» көлеңкелі тұстарын жайып салды. Бұл туралы Janabastau.kz хабарлайды turkystan.kz-ке сілтеме жасап. 

Ассистенттің айтуынша, ол жұмысқа аяғы ауыр кезде орналасқан. Жалғызбасты ана бола тұра, барлық шартқа келісіп, жауапкершілікті өз мойнына алған. Алайда уақыт өте келе төлемсіз қалу, дөрекі сөздер есту және жұмысқа қажетті шығындарды өз қалтасынан төлеу секілді жайттар жиілей түскен.

«Егер ол ашкөздік танытып, болмашы нәрседен тартынып қалмағанында, мұның бірін де жарияламас едім. Бұл – эмоция емес, бұл – шынайы өмірден алынған фактілер», – дейді ол.

Оның айтуынша, әнші кейде концертке қатысатын адамдар туралы алдын ала ескертпей, дау шығарып, ұйымдастырушылардан ақша ұстап қалатын болған. Тіпті кейде қонақүйдің иісі ұнамай, бизнес-кластағы орын тар көрінген сәттерде де жанжал туындаған.

Ассистенттің сөзінше, Әмре жиі: «Маған бәрібір, мен – жұлдызбын» деп жауап беріп, мемлекеттік шаралардағы тәртіпке де салғырт қараған. Бухгалтер мен заңгер қызметін де Гүлмира өзі атқарған. Ал құжаттармен байланысты жұмыстарға қаржы бөлгісі келмей, келісімшарттарды заңгерге тексертуге 20 мың теңгеден аянып қалыпты.

«Баламның сүті мен жөргегіне ақша керек болып, аванс сұрағанымда: "Өз кассаңды дұрыс жүргіз", – деп жауап берді. Ал менде жалақы мен жәрдемақыдан басқа табыс көзі жоқ. Қайтадан қарызға батуға тура келді», – дейді ол.

Жанжал соңғы айларда ушыққан. Ақырында, Гүлмира жұмыстан кетуге шешім қабылдап, соңғы төлемдері мен үстеме ақысын талап еткен. Алайда әнші оған да дауыс көтеріп, қысым көрсеткен. Қазір ол тек әділ өтемақысын ғана сұрап отыр.

«Мен көп нәрсені айтқан жоқпын – бұдан да сорақысы бар. Бірақ мен тек еңбегім үшін әділ төлемді талап етемін. Болды. Басқа ештеңе керек емес», – деп аяқтады жазбасын бұрынғы ассистент.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *