Дінмұхамед Қонаев пен Шәмші Қалдаяқовтың кездесуіндегі естеліктен

Жаңалықтар
view 492
news

Сурет: Timur.kz

Дінмұхамед Қонаев пен Шәмші Қалдаяқовтың кездесуіндегі әңгімені Оразбек Бодықовтың естелігін назарларыңызға ұсынып отырмыз:

– Амансың ба, Шәмші? Кел, отыр... Әндеріңді жақсы білемін... Біздің үйдегі ЗуҺра жеңешең өзінің татар әндерінен соң сенің «Ақмаңдайлымыңа» басады. Бүгін сені көргенімді айтып қуантайыншы, – деді Димекең.

– Рақмет, Димаш аға... Мен әнді "әруақ" деп білемін. Әруақты сыйлағаныңызды айта-айта жүрермін.

Қонаев (жымиып): – «Әруақ» деген сөзің жақсы екен. Біздер бұл сөзді айтпай кеткелі қай заман...

Шәмші: – Ал мен сізді тек орысша сөйлейді, ескі сөздерді білмейді деп ойлаушы едім. Кешіріңіз, аға.

Қонаев (күрсінгендей болып): – Әй, Шәмші-ай! «Замана сенімен санаспайды, сен санас» деген. Мен де сол заманның құлы болдым. Оны біреулер түсінсе, біреулер түсінбес... Мен үшін сол қайғы.

Шәмші: – Димаш аға, ол жағдай менің де басымда бар. Менің әндерім көбіне жиын-тойда, ішкілік үстінде айтылады. Ал ол әндер менің жүрегімдегі шерден, мұңнан шыққан болатын. Жұртшылық оны білмейді-ау деп қамығам.

Қонаев (ойлы): – Иә, сенің де, Нұрғисаның да әндерінде өмір бар. Өткен шағыма ойлап қарасам, өмір дегенің сарқырап жатқан асау өзенге салынған жалғыз аяқ аспалы көпірдей қиын өткел. Аман-сау өте аламыз ба, бірақ?...

Шәмші: – Мына сөзіңізден менің құлағыма ән естілгендей болып тұр, Димаш аға. Мен енді "Өткел" деген ән жазайыншы.

Қонаев (күліп): – Қой-қой... Егер сен сарай ақындарындай ән жазып кетсең, сені мен түгілі елің сыйламай кетеді.

Шәмші: – Сізді, Мәскеу жағын білмедім, қазақ халқы түгел сыйлайды.

Қонаев: – «Түгел» дегеніңе тағы да күмәнім бар. Неге екенін, Қарағандыда тұратын Нұрсұлтан деген інімнің – ол да бастық – сөзімен айтайын:

Қиын ғой жалпақ жұртқа түгел жақпақ,

Көңілін жақсы-жаман түгел таппақ.

Қақ жарып қара қылды жүрсең-дағы,

Жүреді біреу мақтап, біреу даттап.

Енді түсіндің бе?

Шәмші (орнынан ұшып тұрып): – Апыр-ай, Димаш аға, сіз өлең де жаттайды екенсіз ғой!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *