Францияда қазақстанның мәдени іс-шаралары өткізіледі

Жаңалықтар
view 226
news

Сурет ашық дереккөзден алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға ресми сапары қарсаңында Парижде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Францияның мәдениет министрі Рашида Датимен кездесті, деп хабарлады  janabastau.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Министрлер мәдени қарым-қатынастардағы елеулі ілгерілеуді атап өтіп, екі ел президенттерінің өзара сапарларының бірлескен бастамаларға жаңа серпін беретінін айтты.
Кездесу барысында тараптар музейлер және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Гиме музейі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды қоса алғанда, бірқатар келісімдерге қол қойды.

«Қазақтың тарихи және мәдени мұрасын жаһандық гуманитарлық кеңістікке насихаттау және интеграциялау — мемлекеттің мәдени саясатындағы басымдықтардың бірі», — деді Аида Балаева.

Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты күшейту және «Courants du Monde» бағдарламасы аясында қазақстандық мамандарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру ұсынылды.

«Президент Тоқаевтың Францияға бұл мемлекеттік сапары мәдениетке қатысты көптеген мәселелерді қамтитынына қуаныштымын. Бүгін біз бірнеше меморандумға қол қоямыз. Бұл арадағы тығыз ынтымақтастықты көрсетеді. Сонымен қатар, Гиме музейінде Қазақстанның ұлттық көрмесінің ұйымдастырылуы – біздің қарым-қатынастарымыздың нақтылығы мен тиімділігінің дәлелі», – деді Францияның мәдениет министрі Рашида Дати.

Аида Балаева арада жасалған келісімдер мәдени байланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне ықпал етіп, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастарды нығайтатын жаңа бірлескен жобаларға негіз болатынына сенім білдірді.

«Біз киноөндіріс саласы, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін Францияда және керісінше француз әдебиетін бізде таныстыру, концерттік ұйымдардың өзара іс-қимылы және балалар контентіне қатысты бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастыруымызға болады», — деді А. Балаева.

Сондай-ақ, музей сараптамасы бойынша тәжірибе алмасу, тарихи мұраны сақтау және музей ісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Екі елдің министрлері креативті индустрия, оның ішінде, сән саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Аида Балаева этникалық сәнге және оның әлемдік деңгейдегі көрсетіліміне назар аударуды ұсынды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *