Дональд Трамп АҚШ пен Иран келісімге келіп жатқанын айтады, бірақ Тегеран оны жоққа шығарды

Жаңалықтар
view 63
news

Фото: Saul Loeb/AFP/Getty Images

Оның айтуынша, Тегеран ешқашан ядролық қаруға ие болмайтынымен келіскен.

АҚШ президенті Дональд Трамп Флоридада журналистермен өткен кездесуде АҚШ пен Иран болашақ келісімнің шамамен 15 тармағы бойынша ортақ түсіністікке келгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Тегеран ешқашан ядролық қаруға ие болмайтынымен келіскен. Трамп Иран өкілдерімен «өте қарқынды» келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті, бірақ нақты кіммен сөйлесіп жатқанын ашып айтпады. Ол бұл тұлға Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи емес, бірақ елдегі ең беделді адамдардың бірі екенін жеткізді.

Axios басылымының хабарлауынша, әңгіме Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф туралы болуы мүмкін. Дереккөздердің айтуынша, делдал елдердің қатысуымен Исламабадта кездесу ұйымдастырылуы ықтимал. АҚШ тарапынан оған Стивен Уиткофф, Джаред Кушнер және мүмкін вице-президент Джей Ди Вэнс қатысуы мүмкін.

Десе де басқа дереккөздер тікелей келіссөздердің болмағанын, тек Мысыр мен Түркия арқылы хабар алмасу жүргенін айтады.

Трамп Ирандағы жағдайды «режимнің өзгеруі» деп атап, жақын арада телефон арқылы сөйлесу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Сонымен қатар, Иран тарапы АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізілмегенін мәлімдеді. Галибаф әлеуметтік желіде мұндай ақпараттарды «жалған жаңалық» деп атап, олар нарықтарға әсер ету және АҚШ пен Израильдің жағдайын жақсарту үшін таратылып жатқанын айтты.

Иран СІМ өкілі де 28 ақпаннан бері АҚШ-пен келіссөздер болмағанын растады. Оның айтуынша, делдал елдер Вашингтонның соғысты тоқтату жөніндегі ұсыныстарын жеткізген, бірақ Тегеран оған жауап бермеген.

Сол күні Трамп АҚШ-тың Иранның энергетикалық инфрақұрылымына жоспарланған соққыларды бес күнге кейінге қалдырғанын хабарлады. Бұл шешім «өте нәтижелі және конструктивті келіссөздерден» кейін қабылданған.

Осы мәлімдемеден кейін мұнай бағасы күрт төмендеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *