Джеки Чан Алматыда жаңа кино жобасына дайындық жүргізіп жатыр
Сурет: Ашық дереккөзден
Әлемге әйгілі актер, режиссер әрі продюсер Джеки Чан Алматыға келгенін растады. Өнер иесі қазақстандық серіктестерімен түсірілген фотосын әлеуметтік желіде жариялап, сапарының мақсатын түсіндірді, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
«Алматыға локацияларды зерттеу үшін бардым. Salem Entertainment ұжымына асқан қонақжайлылық үшін алғыс айтамын», – деп жазды Джеки Чан Facebook парақшасында.
Өз кезегінде Salem Entertainment компаниясы Instagram-дағы парақшасында әлемдік кинематография аңызының қатысуымен жұмыс кездесуі өткенін хабарлады.
«Біз Джеки Чанмен бірге ірі бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірістік. Алматыда болған уақытында актер түсірілім алаңдарын таңдады. Фильмнің негізгі бөлігі Қазақстанда түсірілетін болады», – делінген компания хабарламасында.
Жобаның толық мәліметтері әзірге құпия сақталуда. Дегенмен компания өкілдері жақын уақытта көрермендерді үлкен жаңалықтар күтіп тұрғанын жеткізді.
Пікірлер (0)