«Әкімдіктің қолдауымен жеке бизнесімді аштым...»

Жаңалықтар
view 92
news

Ерекше бала күтімімен бірнеше жыл үйде отырған Нұрсая Қабыл өз кәсібін ашты. Тәуекелге бел байлап, іс бастау қашанда оңай болған емес. Бірақ кім тәуекел етпесе, соның мұратына жетпесі де анық. Ерекше бала күтімімен бірнеше жыл үйде болған Нұрсая Қабыл мемлекет тарапынан қолдау алып, кәсібін біржолға қойған қайсар жан. Мақсатқа жету – тұрақтылық пен сапаға тікелей байланысты дейтін үш баланың анасы дамудың даңғыл жолын таңдағанына өкінген емес. – Қай жердің тумасысыз? Біліміңіз қандай? – Мамандығым бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Мен Моңғолия мемлекетінде туып, 1 жасымда отбасымызбен Қазақстанға қоныс аудардық. Осы елден білім алып, жетілдім, дамыдым. Мектепте үш жыл балалармен жұмыс істедім. Бала күтімімен демалысқа шыққаннан кейін ол салаға қайта барғым келмеді. Өз алдыма кәсіп ашуды көздедім. Оның үстіне тырнақ, шаш күтіміне деген қызығушылығымды, қолымнан келер өнерді жан-жағымдағылар қолдап, дамытуға ұсыныс жасағандар болды. Сонымен осы саланы жетік меңгергім келді. Соған қарағанда мұғалімдік мамандықты да жан-жүрегіммен таңдамаған сияқтымын. Кәсіп ету – бұл бір жағынан тәуекел ете алатын адамның ісі деп білемін. – Қазақ әйелдері неліктен бала күтіміндегі демалыста қарайып қалу, іссіз отырудан қатты қорқады? Байқауымша, осы кезде дамуға деген құлшыныс зор. Себебі неде деп ойлайсыз? – «Заманына қарай адамы» демей ме. Қазіргі заманның талабы сондай. Қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Стресс, депрессиядан сақтанудың жолы деп қарайтын да шығармыз. Жұмыс істеп, үнемі ізденісте жүретін адамда күйзелуге де уақыты жоқ. Әйел адамның алдын болжап, алдын ала біліп отыру қабілеті де зор ғой. Оның үстіне қолға алған істен нақты бір нәтиже көрмейінше тыным таппаймыз. Арқа сүйер азаматымызға да қолдау болғымыз келеді. Қалай болғанда да отбасылық ортақ мүдде жолындағы тынымсыз тірлік. Сондықтан дамимын, бір орында отырғым келмейді деген әйел қауымын қолдау маңызды. – Қосшы қаласында сән салондары арасында бәсеке бар ма? Сіздің сән орталығыңыз несімен ерекше? – Бастапқы уақытта жалдамалы шебер ретінде қызмет еткен болатынмын. Тұрақты тұтынушыларым бар. Алты жылдан бері осы салада екенмін. Осы уақыт аралығында тұрақтылық деген қасиеттің қаншалықты маңызды екендігін жете түсініп келемін. Сол қасиеттің арқасында тұтынушылардың сеніміне ие болдым. Сапа пен тұрақтылығымның арқасында бізге келушілер қатары көбеймесе азайған емес. Әлеуметтік желіде де бізді бақылап отыратын қаншама көз бар. Олардың да алдында абырой биігінен түспеуге тырысамыз. Даму жолындағы мақсаттарымыз бар. Қала ішінде біздің салон қызметі сәл қымбаттау болуы мүмкін. Бірақ бұл сапамен тікелей байланысты деп нақты, сеніммен айта аламын. – Кәсіпті дамытуға мемлекет тарапынан қандай да бір қолдау болды ма? – Мемлекет тарапынан берілетін кәсіп дамытуға арналған грантты алғым келіп бірнеше рет кәсіпкерлік орталыққа жүгінген болатынмын. Алғашқыда талпынысым сәтсіз болды. Одан кейін осы Қосшы қаласына қоныс аударып, осы жақтан тағы да бір мәрте бағымды сынайын, бұйырғаны кетпес деп тағы да грантқа өтініш бердім. Комиссия мүшелері жұмысымды, еңбегімді саралай келе, грант иегері атандым. Кәсіп үшін мемлекеттің қолдауы маңызды. Сондықтан қолдан келер ісіңізге сенімді болсаңыз, грантқа құжат тапсырып, мұны да дамудың бір сатысы деп қараған жөн екен. Кәсіпкерлер біледі. Алғашқы бес жыл кәсіп үшін өте ауыр кезең. Тапқан-таянғанның бәрі білім алуға, отырған орныңның кем-кетігін түгендеуге, отбасыңның қажетін өтеуге жете бермейді. Сондықтан кәсіпті бір жолға қойып алу үшін мемлекеттік қолдау өте маңызды. Елімізде осындай бағдарламаның бар екендігі қуантады. Бұл қарап отырмай, қолдан келер кәсіпті дөңгелетіп, ілгерілетуге берілер мүмкіндік. – Әлеуметтік желінің пайдасы кәсіп үшін ұшан- теңіз дейді. Ол жақ жарнама жасауға да, қызметіңізді ұсынуға да тиімді орта. Сіз қаншалықты пайдасын көріп отырсыз? – Расымен әлеуметтік желі үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын алаң. Мұнда өзім сияқты кәсіптің қалай дамып жатқандығын да сырттай бақылап, ілгерілеуге мүмкіндік зор. Таргет, жарнаманың да пайдасы мол. Жалпы, әлеуметтік желі аудитория қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Бұрын жарнама жасаушыларды іздейтін едік, қазір меңгеріп алсаң бәрі оңай. Сән саласында жаңа мамандық игергім келеді дейтіндерді де оқытып жатырмыз. Базалық білім беретін курсым бар. Үйренуге ниет еткеннің меңгермейтіні жоқ. Алдағы уақытта парақшамызды жаңа қырынан жақсартып, дамытуды да көздеп отырмыз. Әлеуметтік желінің күші зор. Қарамағымда алты шебер бар. Бәрі де бірінен бірі өткен хас маман. Жұмыс кестеміз тығыз. Сұраныс бар деп ауыз толтырып айта аламын. Белгілі бір жетістіктерге жету жолында аянып қалғымыз келмейді.

Гүлназ БИСЕН

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *