Екінші жыныс
Жаңалықтар
736
Газетіміздің өткен нөмерінде еркек жынысты өмір жайлы ой толғаған едік. Әйел өмірінің қоғамдағы орны мен психологиялық проблемалары туралы да шамамыз жеткенше түсіндіруге тырыстық. Үнемі өздерін екінші орынға қойып, өмір бойы әуелі өзгелер, ең соңынан өзім деп қабылдатқызған өмірдің тек құлдық гипноздан басқа ештеңе емес екенін жазғымыз келді. Әйел – адам. Әйел – жеке тұлға. Олардың да ерлер секілді бірінші орында туруға, өз өмірін сүруге, арман-мақсаттарын ақиқатқа айналдыруға толық құқығы бар екенін айттық. Алайда оларды бүгінге дейін «Екінші жыныс» деп қабылдап келді. Бүгін де солай қабылдайды. Осыған байланысты сөз соңында атақты Симона де Бовуардың «Екінші жыныс» кітабы жайлы сөз бастап, жазбамызды аяқтаған едік. Міне, бүгін сол «Екінші жыныс» хақында аз-кем сөз.
Феминизмнің ең негізгі еңбектерінің бірі Бовуардың 1949 жылы жазған «Екінші жыныс» шығармасы екені сөзсіз. Бізге белгілісі, феминистік ой мен қозғалыс негізінен екі толқынға бөлінеді. Олардың біріншісі ХІХ ғасырдың аяғында басталып, 1920-жылдардың аяғында аяқталады; екінші толқын 1960-жылдардың ортасында басталып, 1980-жылдары аяқталады (Үшінші толқын 80-ші жылдардан кейін айтылады, тіпті бүгінгі феминистік түсінік төртінші толқын деп айтатындар да бар, бірақ бұл туралы әзірге сөз жоқ). Осы жердегі Бовуардың «Екінші жыныс» романы осы екі толқынның ортасында екі том болып жарыққа шықты. Үлкен табысқа жеткен кітап көп ұзамай 1953 жылы ағылшын тіліне аударылды. Ал біздің тілде әлі жоқ.
Симона бұл кітапта эго-альт дихотомиядағы гендерлік қатынастарды талдап, тек қана ерлер орталық болып табылатын гендерлік режимде әйелдер орны жайлы айтады. Кітап бойы Бовуар дін, қоғам, тән, өмірлік циклдер, жыныстық қатынас, неке және ана болу сияқты көптеген тақырыптарға бойлап, егжей-тегжейлі баяндайды. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, енді жеке томдарға тоқталып өтсек.
Бірінші том кіріспеден және төрт бөлімнен тұрады. Кіріспе Бовуардың біз жоғарыда айтқан негізгі тезисінің қысқаша мазмұны болып табылады. Философия тарихына терең бойлай отырып, ол әйел мен еркектің интеллектуалдық бастауларын түсінуге тырысады.
Кітаптың бірінші бөлімінің аты – «Тағдыр». Бұл бөлімде әйелдер туралы биологиялық, психологиялық және тарихи материалистік идеяларды қозғайды. Оның айтуынша, биологиялық деректер әйелдер мен ерлердің қазіргі өмірін талдау үшін жеткіліксіз. Жыныс мүшелерінің болуы міндетті түрде еркек немесе әйел екенін білдірмейді. Сондай-ақ, ол осы бөлімде «әйел болып тумайсың, әйел боласың» деген атақты сөзге ерекше мән береді. Психологиялық талдаудың адекватты емес бөліктеріне тоқталып, ең маңызды психологиялық парадигмаларының бірі психоанализдің ортодоксальды түсіндірмелерін жоққа шығарады. Тіпті Фрейдтің әйелдер ерлердің жыныс мүшелеріне қызғанышпен қарайды деген пікірлері дұрыс емес дейді. Әйел туралы үшінші іргелі ой болып табылатын марксистік ойшылды да қабылдамайды. Себебі әйел тағдыры ерлерге тәуелді емес дегенді алға тартады.
Кітаптың екінші бөлімі «Тарих» деп аталады. Бұл бөлімде ол антропологтардың, этнологтардың, археологтардың және тарихшылардың деректерін пайдалана отырып, толық тарихи баяндауға тырысады.
Үшінші бөлім «Аңыздар» деп аталады. Шынын айтқанда, ең қызық бөлімдердің бірі осы «Аңыздар». Мұнда әйелдер туралы айтылған хакияттар мен мифтерге кездесеміз. Бовуар бізге осы бөлімде әйелдердің бағыныштылығы туралы дискурстың қалай құрылатынын жақсы көрсетеді.
Кітаптың төртінші және соңғы бөлімі «Формация» деп аталады. Бұл бөлім – әйелдің балалық шақтан бойжеткенге дейінгі өмірінің маңызды кезеңдерін түсіндіретін бөлім. Былайша айтқанда, Бовуар бізге әйелдердің өмірлік циклінің бірінші бөлігі туралы айтып береді. Міне, осы бірінші бөлікте әйелдер қауымы өмірінде кездескен оқиғалар мен кедергілер нәтижесінде өзінің екінші жыныс екенін біледі һәм оны мәжбүрлі түрде мойындайды екен. «Олардың отбасында бастан кешкендері, мектепте көргендері және алғашқы жыныстық оянулары олардың әйелдік қасиеті мен болмысын қалыптастырады» – дейді Бовуар. Екінші том қоғамдағы әйелдіктің әртүрлі формаларын қарастырады. Басты атауы – әйелдің қоғамдағы орны. Бірінші тараудың аты – «Некедегі әйел». Осы тарауда Бовуар неке жайлы алдыңғы томдағы бойжеткеннің психологиясын баяндауды жалғастырады. Алдымен құда түсу процесі, одан кейін үйлену тойы мен неке өмірі негізгі мәселелер және т.т. Атап айтқанда, әйелдердің осы процесте орын алған алғашқы жыныстық тәжірибелері, үй салуы, тіпті шетелдік жігітпен бірге тұруы сияқты көптеген алғашқы тәжірибелерге назар аударылады. Симона сөзін қорытындылай келе, некені махаббаттан гөрі әлеуметтік келісім және жауапкершілік деген дұрыс дейді.
Екінші томның екінші тарауы «Ана» деп аталады. Бұл бөлімде босану және босанғаннан кейін келетін міндеттер қарастырылады. Әйелдердің балаларымен құратын қарым-қатынастары осы эпизодтың бөлігі болып табылады. Үшінші тарауы «Қоғамда өмір сүру» деп аталады. Бұл бөлімде тұрмысқа шығып, ана атанған, қоғамға «жеңілген» әйелдің образы жайлы айтылады. Әйелдердің киім киюінен бастап, сыртқы келбетінің әлеуметтік элементтер арқылы қалай қалыптасатыны жайлы айтады. Төртінші тараудың аты – «Жезөкшелік пен әдептілік». Бұл бөлімнің басқа бөлімдерден айырмашылығы, атауы айтып тұрғандай ерлермен ақша үшін жыныстық қатынасқа түсетін әйелдер туралы. Қарапайым әйелдерге қарағанда ерлердің бұл типтегі «кеутизандарға» ерекше көңіл бөлетіні жайлы айтып, ер адамдардың өміріндегі олардың орнын зерттейді. Бұл томның бесінші және соңғы бөлімі «Кәрілікке жетілу» деп аталады. Бұл бөлімде әйелдердің жасы ұлғайған сайын қоғамдағы орны өзгеретіні жайлы айтады. Дәлірек айтсақ, сүйкімділігі мен сыртқы сұлулығын жоғалтқан, балаларынан алшақтап кеткен, тек қана «артық жүк» ретінде есептелетін әйелдердің жалғыздығы мен көзқарасы талқыланады.
Осылайша, қыз баласының дүниеге келген сәттен бастап, қартайғанға дейін өмірінің қалай һәм қандай бағытта өрбитінін көре аламыз. 70 жыл бұрын Симона де Бовуар әйелдерге өмірге жаңа көзқараспен қарауды үйретті десек те, ең өкініштісі, кітапты оқып отырып «екінші жыныстың» еңсесі әлі көтерілмегенін, қоғамымызда бұл проблеманың өзектілігі жойылмағанын көре аламыз.
Жомарт ЖЫЛКЕЛДІҰЛЫ
Пікірлер (0)