Ел жастарына ерекше қамқорлық жасалған

Жаңалықтар
view 45
news

Фотосурет: egemen.kz

Қазақстанның болашағы қашан да жастармен тығыз байланысты екені анық. Бүгінде ресми статистикаға сүйенсек, елімізде жастар жалпы халықтың шамамен 20,2 пайызын қамтиды. Бұл – қоғамның елеулі әрі белсенді бөлігі. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, саяси тұрақтылығы мен мәдени өркендеуі осы буынның әлеуетіне тікелей тәуелді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Жастар – мемлекеттің стратегиялық ресурсы ғана емес, сонымен бірге бүгінгі күннің нақты қозғаушы күші. Олар жаңа идеялардың генераторы, инновация мен прогрестің бастаушысы. Сондықтан мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсету – кез келген ел үшін басым бағыттардың бірі. Қазақстанда да бұл мәселе жүйелі түрде қолға алынып, бірқатар маңызды бағдарлама мен заңнамалық бастамалар жүзеге асырылып келеді.

Еліміздегі жастар саясатының құқықтық негізі 2015 жылғы 9 ақпанда қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңмен бекітілді. Аталған құжатқа сәйкес, жастар санатына 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар кірген болатын. Алайда уақыт өте келе қоғамдағы өзгерістер мен жастардың әлеуметтік рөлінің артуына байланысты бұл жас шегі қайта қаралды. Нәтижесінде, қазір 35 жасқа дейінгі азаматтар да жастар қатарына енгізілді. Бұл өзгеріс жастардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу аясын ұлғайтты.

Мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың рухани, мәдени, білім беру және кәсіби тұрғыдан толыққанды дамуына жағдай жасау. Сонымен қатар олардың қоғам өміріне белсенді араласуына, шешім қабылдау үдерістеріне қатысуына мүмкіндік беру де маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұл бағытта жастардың құқығын қорғау, олардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері ерекше назарда.

Жастар саясаты белгілі бір қағидаттарға сүйеніп жүзеге асады. Олардың қатарында конфессияаралық келісім, этносаралық толеранттылық, ұрпақтар сабақтастығы, отбасылық құндылықтарды дәріптеу бар. Бұл қағидалар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және жастардың дұрыс бағытта қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен бірге жастардың бойында патриотизм, азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыру да негізгі мақсаттардың бірі.

Қазақстанда жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар кешені кең ауқымды қамтиды. Атап айтқанда, сапалы білім беру, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыттары басымдыққа ие. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, экологиялық сананы дамыту, талантты жастарды қолдау және мәдени-рухани дамуға жағдай жасау да назардан тыс қалмаған.

Соңғы жылдары жастар саясатын институционалдық тұрғыдан дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 2021 жылы елімізде 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 жастар ісі жөніндегі кеңес, сондай-ақ кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарында 897 жастар комитеті жұмыс істеді. Бұл құрылымдар жастармен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Жастарды қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі – арнайы ұлттық жобалар. Соның ішінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы ерекше орын алады. Бұл бастама жастардың даму индексін қалыптастыру, талантты жастарға гранттар беру, отбасылық құндылықтарды нығайту сияқты бағыттарды қамтиды. Сонымен қатар 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданып, онда жастардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты индикаторлар белгіленді.

Жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне сәйкес, еліміздегі жастардың шамамен 40 пайызы тұрақты жұмыс табуда қиындықтарға кездеседі. Бұл мәселені шешу мақсатында «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты бағдарламалар іске асырылып келеді. Аталған жобалар жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Мәселен, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында жас мамандар 6 айдан 12 айға дейін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай алады. Бұл олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар қысқамерзімді оқыту курстары, онлайн білім беру платформалары арқылы жастар жаңа мамандықтарды игеріп, өз мүмкіндіктерін кеңейте алады.

NEET санатындағы жастар мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Яғни жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастардың үлесін азайту мақсатында арнайы шаралар қолға алынған. Бұл бағытта жастар ресурстық орталықтары кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырып жатыр. Сонымен қатар гранттық қаржыландыру арқылы жастардың кәсіп бастауына қолдау көрсетіліп келеді.

Жастар үшін маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй. Қазір жастардың тек 18 пайызы ғана жеке баспанамен қамтамасыз етілген. Ал әрбір төртінші жас жалдамалы пәтерде тұрады, 52 пайызы ата-анасымен бірге өмір сүреді. Бұл мәселені шешу үшін «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй», «Елорда жастары», «Алматы жастары» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылып отыр.

Сонымен қатар «Отбасы банк» арқылы іске асырылып жатқан ипотекалық бағдарламалар жастар үшін қолжетімді қаржылық құралға айналды. Бұл бағдарламалар бойынша пайыздық мөлшерлеме төмен, бастапқы жарна көлемі де салыстырмалы түрде жеңілдетілген. Мұның бәрі жастардың өз баспанасына қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Жастардың қазіргі буыны – тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан жаңа ұрпақ. Олар ақпараттық технологияларды жетік меңгерген, жаһандық өзгерістерге бейім, ашық ойлайтын азаматтар. Әлеуметтанушылар бұл буынды Y және Z ұрпақтары ретінде сипаттайды. Әсіресе Z ұрпағы тұрақты даму кезеңінде дүниеге келіп, жаңа қоғамдық-саяси шындықта қалыптасқан.

Дегенмен сарапшылар жастарды тек қолдаумен шектелмей, оларды еңбекке баулу, жауапкершілікке тәрбиелеу қажеттігін де атап өтеді. Себебі шамадан тыс қамқорлық кей жағдайда инфантилизм мен масылдыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан жастар саясаты қолдау мен талаптың теңгеріміне негізделуге тиіс.

Бұл ретте Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясатының соңғы жылдары жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін баса айта кеткен жөн. Заңнамалық негізі жетілдіріліп, нақты бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатыр. Жастардың білім алуына, жұмыс табуына, кәсіп бастауына, баспаналы болуына бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Бастысы, жастарға тек әлеуметтік топ ретінде емес, елдің болашағы мен стратегиялық серіктесі ретінде қарау қажет. Сонда ғана олардың әлеуеті толық ашылып, мемлекет дамуына нақты үлес қоса алады. Өйткеніт жастардың білімділігі, белсенділігі мен жауапкершілігі – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *